Бүгін Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы көркем фильм көрсетіледі
Фильм көрерменге тұңғыш рет көрсетілмек
Бүгін 20:00-де Qazaqstan ұлттық телеарнасынан Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінің палуаны, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы баяндайтын «Жақсылық» көркем фильмі көрсетіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Мәдениет және спорт министлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фильм көрерменге тұңғыш рет көрсетілмек.
«Бұл биографиялық фильмнің тұсаукесері Алматыда 2019 жылы желтоқсанда өткен еді. Фильм Токио Олимпиадасы қарсаңында көрерменге жол тартып, шет мемлекеттерде де көрсетіледі деп жоспарланған. Дегенмен, əлемдік коронавирус пандемиясына байланысты кинотеатрлардағы көрсетілімі кейінге шегеріліп келді. Жақсылық Үшкемпірұлы аталған көркем туындының сценарийінен бастап актерлер таңдауына дейін кеңес беріп, атсалысқан болатын. Ал Алматы қаласындағы тұсаукересіне қатысып, түсіру тобына, актерлерге алғыс айтты», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, фильмнің қоюшы режиссері әрі сценарий авторы – Бақыт Қайырбеков, продюсері - Тасболат Мерекенов. Жақсылық Үшкемпіровтің жастық шағы мен ер жеткен кезін Эльнар Назарқұл, Санүржан Сүлейменов және театр актері Олжас Сақ сомдады. Ал 60 жастағы спортшының рөліне Қазақстанның халық артисі, Жезқазған театрының актері Досжан Жанботаев шақырылған. Спорттық драманың түсірілімі Өскемен, Алматы қаласы мен Алматы облысында өткен.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров қайтыс болды.