«Қазақ тамақ ішіп отырып, ешқашан қол алыспаған»: Нұртөре Жүсіп дастархан басындағы мәдениет туралы айтты

Ол қазақтың дәстүрі мен кейін пайда болған әдеттерді айыра білу керек дейді 

«Қазақ тамақ ішіп отырып, ешқашан қол алыспаған»: Нұртөре Жүсіп дастархан басындағы мәдениет туралы айтты
Фото: скриншот

Экс-депутат Нұртөре Жүсіп қазақ қоғамындағы амандасу мәдениеті туралы пікір білдіріп, кейінгі жылдары қалыптасқан кейбір әрекеттерді сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, бүгінгі күні кең таралған дастархан басында азаматтардың жағалай қол алысу немесе беттен сүйіп амандасуы қазақ халқының дәстүріне жат қылық.

«Әсіресе ер адамның әйелге бірінші болып қол созып, тығырыққа тіреп, мәжбүрлей амандасуы атам қазақтың әдетінде болмаған. Сосын беттен сүйіп шығу дегенді артық деп ойлаймын»,- деді Нұртөре Жүсіп.

Депутаттың айтуынша, мұндай әрекеттерді де қазақтың дәстүрлі әдебімен байланыстыру дұрыс емес. Қазақ қоғамында амандасудың өз орны, өз тәртібі болған және ол ең алдымен әдепке негізделген.

Нұртөре Жүсіп дастархан басындағы қарым-қатынас мәдениетіне де ерекше тоқталды.

«Кейде азаматтар мән бермеуі мүмкін. Бірақ дастархан басында ас ішіп отырған адамдармен сырттан кіре сала жағалай қол алысуды өз басым құптамаймын. Бұл жерде гигиена мәселесін ұмытпау керек», - дейді ол.

Оның пікірінше, ұлттық салт-дәстүрге қатысты мәселеде кейін пайда болған әдеттер мен қазақтың төл мәдениетін ажырата білу керек. Амандасу мәдениеті де ең алдымен әдепке негізделуі керек. Сондықтан қазіргі қоғамда кең таралған кейбір әрекеттерді қазақтың ежелден келе жатқан салты ретінде көрсету дұрыс емес.