Бұл туралы Euronews директорлар кеңесінің төрағасы мәлім етті
Әлемдік жетекші телеарналардың бірі Euronews жақын арада қазақ тілінде хабар тарата бастайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында халықаралық медиахолдингтің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Жиында сөз сөйлеген Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид Қазақстанға жасаған сапарынан алған әсерін айтып, еліміздегі оң өзгерістерді ерекше атап өтті.
«Мен Қазақстанға соңғы 13–14 жылдан бері әр жыл сайын келіп тұрамын. Бұл ел мені әрдайым өзінің қарқынды дамуымен тәнті етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді өте дұрыс бағытта дамытып келеді деп нық сеніммен айта аламын. Мұндағы қарапайым адамдармен, қоғам өкілдерімен сұхбаттасқан сайын Қазақстанның қаншалықты алға ілгерілеп жатқанын анық көремін. Әсіресе, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың даму қарқыны өте жоғары. Сонымен қатар, Қазақстан халқын жаңа Конституцияның қабылдануымен шын жүректен құттықтаймын», – деді Педро Варгас Давид.
Сондай-ақ, директорлар кеңесінің төрағасы телеарнаның неліктен дәл қазақ тіліне таңдау жасағанын түсіндіріп өтті.
«Қазіргі уақытта Euronews әлемнің оннан астам тілінде хабар таратады. Біз аудиториямызды кеңейтуді мақсат еткенде, оқырмандар мен көрермендердің басым бөлігі ағылшын, француз, португал және орыс тілдеріндегі ақпаратты тұтынатын. Енді, міне, олардың қатарына қазақ тілі де қосылып отыр. Бұдан былай дүниежүзіндегі маңызды жаңалықтарды қазақ тілінде көруге және оқуға мүмкіндік бар. Біз қазақ тілін халықаралық деңгейдегі маңызды тілдердің бірі деп білеміз және осы бағыттағы жұмысты мақтан тұтамыз», – деп түйіндеді спикер.