«Бір маусымда 16 мың спектакль қойды»: Қазақстанда 2,8 мыңнан астам адам театрға барған
Осы аралықта 410 жаңа қойылым сахналанған
2025-2026 жылғы театр маусымында театр ұжымдары 16 мыңнан астам спектакль ұсынып, 410 жаңа қойылым сахналаған. Жалпы, осы аралықта 2 832 835 көрермен театрға келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Министрлік айрықша қойылымдардың қатарына «Астана Опера» театрындағы «Қыпшақ қызы Аппақ» операсы, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрындағы «Ұлы Жібек жолы» балеті, «Астана Балет» театрындағы «Кармина Бурана» балет-кантатасы, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрындағы Әбіш Кекілбаевтың «Күй» драмасы және Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрында сахналанған «Господа Головлевы» спектаклдерін қосқан.
«Маусым бойы театр ұжымдары ел ішінде де, шетелде де белсенді өнер көрсетті. Осы кезеңде 539 гастроль ұйымдастырылып, театрлар 191 халықаралық және республикалық фестивальге қатысты. Бұл театр өнерінің еліміздің әр өңіріндегі көрерменге кеңінен жол тартуына және қойылымдардың кеңінен танылуына серпін берді», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Еліміздің театрлары халықаралық деңгейде де жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Ұлпан» спектаклімен Бішкекте өткен «ART-ORDO» халықаралық театр фестиваліне қатысып, Гран-при жүлдесімен қатар, төрт аталым бойынша марапатқа ие болды.
Халықаралық байқауларда өзге шығармашылық ұжымдар да табысты өнер көрсетті. «Астана Опера» театрының «El Voice» вокал тобы Ставрополь қаласында өткен «Солдатский конверт» халықаралық байқау-фестивалінде Гран-при жеңіп алды. Ал «Астана Опера» театрының скрипкашысы Бағдат Әбілханов Далянь қаласында өткен GRAND ART EXPRESS-CHINA халықаралық орындаушылық өнер байқауында І орын иегері атанды.