Отбасылық комедияның лицензиялы нұсқасын шығарушылардың ресми арнасында жарияланысымен 1 миллион адам қарап үлгерген
Қазақстанның «Каникулы off-line» фильмі YouTube-та қаралым бойынша жаңа рекорд орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отбасылық комедияның лицензиялы нұсқасы шығарушылардың ресми арнасында жарияланысымен 1 миллион адам қарап үлгерді. Бұл – Қазақстан фильмдері санатындағы жаңа рекорд.
Genesis YouTube Qazaqstan директоры Самсон Безмятежныйдың айтуынша, фильм қазақстандық көрермен қауымның арасында үздік динамикаға ие болған.
«Фильмді YouTube-та 3 күннің ішінде 1 миллион адам көрді. Қазақстанда 2 жылда 50 шақты фильм жарық көргенмен, мұндай көрсеткіш болған емес», – деді ол.
Қазақстандық YouTube қолданушылар фильм кейіпкерлері бастан кешкен шытырман оқиғаларға лайықты бағасын беріп, «лайк» басудан аянып қалған жоқ. Қысқа уақыт ішінде 30 мың «лайк» басылып, 3 мың пікір жазылған.
«Каникулы off-line» 2019 жылғы наурызда көрерменге жол тартқан. Режиссері - Руслан Акун. Ол бұған дейін «Салам, New York», «Я люблю тебя, Бишкек», «Время стойких», «В поисках мамы», «В поисках мамы 2» фильмдерімен танылып үлгерген.
Фильмнің сюжетіне кәсіп ашпақ болған үш студент достың бастан кешкендері арқау етілген. Олар қалалық балаларға арнап елде жоқ этно-лагерь ашады. Оның ерекшелігі – балаларды планшет пен телефон шырмауынан құтқаруды мақсат еткендігі.
Еске сала кетейік, жуырда комедияның жалғасы - «Каникулы off-line 2» прокатқа шығады. Премьерасы - 26 желтоқсанда.