Ақтоты Райымқұлова пандемия кезінде Мәдениет министрлігінің халыққа қандай жағдай жасап жатқанын айтты
Медицина мамандарының отбасын қолдау мақсатында «Пайдалы бос уақыт» жобасы іске қосылды
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзі басқарып отырған ведомствоның коронавируспен күрес бойынша атқарып жатқан жұмысына тоқталды. Айтуынша, қазір өнер адамдары мен министрлік қызметкерлеріне де тыным жоқ. Өнер адамдарының бастамасымен ауруханаларға қажетті аппараттарды сатып алу, дәрі-дәрмекке мұқтаж жандарға көмек беру сияқты қайырымдылық шараларын өткізіп келеді екен. Сондай-ақ пандемия тұсында халықтың көңілін көтеруге арналған бірқатар шараларды қолға алған.
«Коронавирус, пандемия бүкіл адамзатқа келген сынақ. Осы сынақтан біздің қоғам аман өтсе екен. Адамдарға көмектесіп жатырмыз. Министрліктің қызметкерлері мемлекеттік мекеме ретінде де, адами тұрғыда да көмек сұраған көптеген адамдарға дәрі тауып беру жағынан, ауруханаларға шұғыл жатқызу, емдету жағынан болса да үздіксіз көмек көрсетіп келеді. Министрлік қызметкерлері және өнер адамдары, мәдениет қайраткерлері жария салмай-ақ қайырымдылық, қамқорлық жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қандай қиындық болса да, тіпті соғыс кезінде де өнер адамдары халықтың көңілін аулап, қуантқан. ТЖ кезінде де, қазіргі карантин уақытында да спортшылар, өнер адамдары түрлі онлайн жобалар жасап, халықтың көңілін көтеруге аздап болса да үлес қосып, ойын жақсы жаққа бұруға әсер еткісі келеді», - деді миниср Ақтоты Райымқұлова.
Министрлік тағы бір кезекті жобаны бастамақ. Пандемия кезінде аянбай еңбек етіп, індетке шалдыққандардың өмірі үшін күрес жүргізіп жатқан дәрігерлер мен олардың отбасына қолдау көрсету мақсатында «Пайдалы бос уақыт» атты онлайн-курстар ұйымдастырылады. Жоба аясында балаларға өнер және спорт бағыттары бойынша онлайн-сабақтар мен шеберлік сағаттары ұсынылады. Сабақты елге танымал өнер және спорт қайраткерлері тегін өткізеді. Жаңа бастаманың басты ерекшелігі – балалар қызығушылығына қарай сабақты өздері таңдай алады. Өнер саласы бойынша домбыра, фортепиано, скрипка, гитара, эстрадалық ән айту, сурет салу, актерлік шеберлік, ал спорт саласы бойынша еркін күрес, классикалық күрес, дзюдо, гимнастика, бокс, таэквондо сабақтары жүргізілмек. Жобаға 9-15 жас аралығындағы оқушылар қатыса алады.
«Жоба мақсаты – COVID-19 пандемиясына қарсы күрес жүргізіп жатқан медицина қызметкерлерінің отбасына қолдау көрсету. Олар індет жайлаған күннен бастап үй бетін көрмей, күндіз-түні ауруханада еңбек етіп жатыр. Бұл жағдайда медицина мамандарының балалары карантин кезінде бос уақытын тиімді пайдаланып, назардан тыс қалмау керек. Біраз адамнан айырылдық, оның ішінде өнер адамдары да аз емес. Ондайда терең ойланып кетемін. Көңіл айту, жұбаныш хатын жіберіп, жариялаймыз. Бұл індетті ауызбіршілігіміздің арқасында жеңіп шығамыз. Халқымыз бұл қиындықты да еңсереді. Елімізде жақсылық болсын», - деді министр.
Балалар мен ата-аналарға ыңғайлы болуы үшін жоба аясында жаңа платформа құрылды. Балалар қысқаша сауалнаманы толтырып, үйлестірушілердің көмегімен сабақ кестесін ала алады. «Пайдалы бос уақыт» жобасы балалардың үйден шықпай-ақ сапалы әрі қажетті білім алуына мүмкіндік береді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы