Ақтоты Райымқұлова көз жұмған өнер адамдарының отбасына көңіл айтты
Ол бұл індетті адамзат жеңіп шығады деген ойын білдірді
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова соңғы күндері көз жұмған өнер адамдарының отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Көз жұмған адамдардың ішінде мәдениет, өнер, спорт қайраткерлері де бар. Жазушы, ақын, композитор, кинорежиссёр, сценарист, театр зерттеуші, ғалым, оқытушы, өнер саңлақтары... Орны толмас қаза, көкірек толы өкініш... Бүгін Қожамьяров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының әртісі Зенәтгүл Ақбарова, мемлекет қайраткері, профессор, Жазушылар одағының мүшесі Мырзагелді Кемел, әдебиет зерттеушісі Қадырбек Уәлиев дүние салды. Продюсер Мұрат Ерғалиевтен айырылғанымыз туралы да хабар жетті. Мәдениет және спорт министрлігі және жеке өз атымнан қайтыс болғандардың отбастарына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Бекем болыңыздар», - деп жазды ол facebook парақшасына.
Ол бұл індетті адамзат жеңіп шығады деген ойын білдірді.
«Бұл індет ешкімді де аяп жатқан жоқ. Бүкіл ұлт - мемлекет, дәрігерлер, еріктілер, меценаттар, жанашыр жандар - бәрі адамзатқа кесірін тигізіп, адам өмірін қиып жатқан коронавирусқа қарсы күресу үшін бірігіп отыр. Адам өмірінен асқан құндылық жоқ екені хақ. Бұл күресте адамзаттың жеңетініне сенімдімін!», - деп жазды Ақтоты Райымқұлова.