Хангелді Әбжанов: «Құпия құжаттарды ашпай, құрбандарды ақтау мүмкін емес»
31 мамыр – Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
«Азат алаңда» академик, тарихшы Хангелді Әбжанов. Ғалым - Алаш идеясын зерттеуші аздаған маманның бірі. Оның «Алаш және ұлттық идея», «Миссия интеллигенции», «Алаш зиялысы», «Алаш аманаты және ұлттық идея» атты шығармаларында А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М.Тынышбаев, Н.Төреқұлов, С.Сәдуақасов сияқты тұлғаларға қатысты деректер сараланды.
Ғалым зерттеулерінде XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының тағдыры, қоғамдық-саяси көзқарастары мен қызметі, Ресейдегі либералдық қозғалыспен ықпалдастығы, большевизммен арақатынасы, қоғамның интеллектуалдық әлпетін нығайтудағы рөлін ашып көрсетеді.
көрнекі сурет
Хангелді Әбжанов Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы № 456 Жарлығына сәйкес құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның» мүшесі. Ол елімізде «халық жауы» деп айып тағылған онмыңдаған азамат әлі күнге ақталмағанын айтады. Әсіресе дүние-мүлкі тәркіленіп, кулак деп қудаланып, бас сауғалап кеткен қазақ ауқаттыларын да ақтау керек деген мәселені көтеріп жүр.
Президент тапсырмасымен құрылған мемлекеттік комиссия өкілі арыстарды ақтауға заңдық кедергілер көп деп санайды. Ол 1993 жылы қабылданған саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы заңдағы баптарды өзгертпей, жұмысты жүйелеу мүмкін емес дейді. Десе де сең қозғалды. Былтыр құрылған комиссия жұмысты аяғына дейін жеткізеді деп сенеді.
Академик «ақиқат архивтерде жатыр. Бірақ, оған кіруге кедергі көп. Тек ішкі істер министрілігінің мұрағатында 170 мыңнан астам құпия қор бар. Соларды ашуға жәй ғана нұсқау кедергі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы құлаш-құлаш заң жазылғанымен, кеңес заманынан қалған бір ғана нұсқаулық істі тоқтатып отыр. Жаңа құрылған комиссияның бір миссиясы - қазақ тарихының ақтаңдақ беттеріне қатысты құжаттарды құпиясыздандыру. Онсыз ешкімді ақтай алмаймыз. Өз елімізде отырып, осы жұмысты қопарып істеп тастауға енді кедергі болмауы керек. Тек ниет пен боздақтар рухы алдындағы жауапкершілік қана керек. Ел президенті де осыны айтып отыр», дейді.
«Қазақ XX ғасыр басындағы ұлт зиялыларының тағдырынан сабақ алған жоқ. Рухымыз бен құлдық психологиядан арыла алмай отырмыз. Негізі бұл ақтау процесі тәуелсіздік алғанның ертесінде басталып кетуі керек еді. Осы кезде мойнымыздан жүк түсіп, еркін ұрпақ тәрбиелер едік. Тарихи санамызды жаңғырту үшін осы қаралы кезеңді жас ұрпаққа жеткізуге де асықпай отырмыз. Жылына бір күн ғана дүрлігеміз, сосын ұмытылады. Келесі жылдың 31 мамырына дейін жақ ашпаймыз. Бірақ мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға үлкен үміт артып отыр», - дейді тарих ғылымдарының докторы.
Хангелді Әбжанов қуғын көрген және ашаршылық құрбандары туралы еңбектердің аздығын айтып қынжылды.
«Көшербаев «Мемлекеттік комиссия эмоцияға беріліп, дау-дамайға жол беретін дискуссия алаңы емес. Біздің мақсатымыз – орнықты шешім қабылдап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы жоғары кәсібилік пен әділдікке қалтқысыз қызмет ету екенін естеріңізге саламын», деген еді. Ол дау-дамай дегенде нені меңзеп отыр? Қазір осыдан 70-80 жыл бұрын қуғын көрген ата-бабасының дүние мүлкін даулап, соған өтеу ретінде пәтер бер дейтін адамдар да пайда болды. Одан да ескерткіш ашсын, оның мұрасын зерттеуге атсалыссын. Бұл не сұмдық?! Сосын көптеген пысықайлар «Еуропаға, АҚШ-қа барып, қазақ зиялалары туралы мұраларды аршып әкелемін» деп қаржы сұрайды. Мұның барлығы ертең дауға себеп болады. Біз өзіміз бен Ресей мұрағаттарында жатқан құжаттарды ашып, соны саралап шықсақ жеткілікті. Осы отыз жылда ашаршылық туралы 3-ақ том еңбек шығардық. Шын мәнінде 3 миллионнан астам адамды жалмаған қасірет туралы жүздеген том шығармалар жазылуы керек еді», - дейді тарихшы.
Хангелді Әбжанов Алматыдағы қазақ зияларының үні қалған, қинау мен ату жазасына куә болған, Алаш қайраткерлері азапталған НКВД үйі мен ішкі түрменің жойылып кетуіне қатысты пікір білдірді. Бұл - аталған тарихи кезеңді жас ұрпақ санасынан мүлдем өшіру деп санайды. «Санкт-Петербургте Ресейдегі декабристері азаптаған, қамаған түрмелер қазір үлкен мұражайға айналған. Ал бізде Наурызбай батыр мен Бөгенбай батыр көшесінің қиылысындағы тарихи орындар қонақ үйге айналып кетті. Бұл - әділетсіздік», дейді зерттеуші.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы