ШұғылӨткен тәулікте Қазақстанда 835 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

Токио олимпиадасында боксшыларымыз бір емес, бірнеше алтын алуға қауқарлы - Е.Ыбрайымов

«Азат алаң» қонағы – 20 жыл бұрын өткен Сидней олимпиадасының чемпионы

2000 жылы өткен Сидней олимпиадасына 20 жыл толды. Осы байрақты бәсекеде 71 келі салмақта сынға түскен Ермахан Ыбырайымов алтын медаль жеңіп алды. 28 жасында Олимп шыңын бағындырған чемпионның 20 жылдан кейінгі өкініші қандай? Қазақ боксында тоқырау бар ма?

2021 жылы өтетін Токио Олимпиадасынан қанша алтын алуымыз мүмкін? Басты үміткерлер кімдер? Қазақстанға белгілі бокс бапкерлері неге шетелге кетіп жатыр? Спортта жемқорлық бар ма? Жүлделі орындардың сатылатыны рас па? Ермахан Ыбырайымов неге Мәжіліс депутаты болғысы келеді?

Осы және басқа да сұрақтарға «Азат алаң» бағдарламасында Олимпиада чемпионы, Алматыдағы бокстан олимпиадаға даярлау орталығының директоры Ермахан Ыбырайымов жауап берді.

- Рингке соңғы рет қашан шықтыңыз?

- Соңғы рет рингке 2000 жылы 1 қазанда шықтым. Ол – Олимпиада ойындарының финалы. Маған қарсылас ретінде Румынияның соңғы үміті Марьян Симон шыққаны есімде.

- Биыл Сидней Олимпиадасының өткеніне 20 жыл толды. Сіздің оған дейін Атлант Олимпиадасында алтын жеңіп алу мүмкіндігіңіз болды. Дегенмен, алтын Сиднейде бұйырды. Арада 20 жыл өтті. Кейде осы Олимпиаданың 2 дүркін чемпионы болмай қалдым деген ойлар мазалай ма?

- Мазалайды. «Мен екі дүркін Олимпиада чемпионы болуға мүмкіндігім бар еді ғой» деп ойлаймын. Бірақ бір олимпиадада қола алсам, екіншісінде алтын алдым. Екі олимпиадада жүлде алған спортшылар кем. Соның бірі менмін. Алдыңғы Атланта ойындарында менің дайындығым сол қолаға ғана лайықты болды. Сәтін салып, олжалы болып қайттым. Атланта олимпиадасында Елбасының қолынан көк байрақты Дәулет Тұрлыханов қабылдап алды. Содан кейін ол туды маған ұсынды. Сондықтан Атланта олимпиадасында бүкіл елдің алдында қазақтың туын мен алып өттім. Мақтанышпен айтқым келетіні: Сиднейде туды президенттің қолынан алып, алтын жүлдені жеңіп, қайтадан туды әкеліп табыстағаным.

- Сидней олимпиадасы өткен кезде 28 жаста болдыңыз. Жас болдыңыз. Қазір 20 жылды артқа айналдырсақ, халық алдында өзіңізді қалай ұстар едіңіз? «Астамшылық болды, өкінемін» деген тұстар бар ма?

- Өмір болғаннан кейін ойланасың. Ең әттеген-айы, Бекзат Саттархановтың өмірден өтуі. «Неге мен оның қасында жүрмедім» деп ойланамын. Бәрін артқа айналдыру мүмкін емес. Өткен іс өтті, алға үмітпен қарау керек.

- Ақша өзгертті ме сізді?

- Жоқ, ақша да, атақ-даңқ та өзгерткен жоқ. Мен 28 жасымда чемпион болдым. Әрине, қарапайым күйіңде, адамгершілігіңді сақтап қалмасаң, ешкімге сыйлы болмайсың. Мен құрмет тұғырында тұрып, кереметтей сәтті бастан кештім. «Шығыстан шыққан күн батыстан да шығады, арқама қанат бітіп, ұшамын» деген сияқты сезімде болдым. Бірақ, ұшпадым, күн де шықпады. Ешнәрсе өзгермеді. Қарапайым күйде қалдым. Өзіммен өзім сөйлесіп, қарапайым күйімде қалуға тырыстым. Сол себепті кез келген шешім қабылдарда алдын ала болжаймын. Қандай жағдай болмасын, ашуланбаймын.

- 2002-2004 жылы ҚР бокс құрамасының бас бапкері болдыңыз. Жалпы, сіз спортшылардың саясатқа араласқанын дұрыс деп есептейсіз бе? Мәжіліс депутаты болуға дайынсыз ба?

- Егер сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады. «Белгілі адам болған соң, Ермахан не істеп жүр, айтары бар ма» деген көзқарастар болатыны рас. Сондықтан өзіңізді өзіңіз дұрыс ұстай білу керексіз. Мәжіліс депутаты болуға қазір дайынмын. 4-5 жыл бұрын, бәлкім, дайын емес едім. Ал қазір не айту қажеттігін білемін. Ең бастысы, халықтың мәселесін айта білу керексің және оны шеше білу керексің. Мен жұмыс істеуге дайынмын.

- Қазіргі спорттың аяқалысына көңіліңіз тола ма? Қазақ боксына кризис келді деп ойлайсыз ба?

- Кризис ерте ме, кеш пе келеді. 2009 жылы әлем чемпионатында жалғыз С.Сәпиевтің қола медалімен оралған кез болды. Ондай сәттер болады. Бірақ, қазақ боксы тұрақты түрде жетістіктерді көрсетеді. Тәуелсіз Қазақстан болғалы бері, Олимпиада ойындарынан тұрақты алтынмен ораламыз. Жеңісті күндер алда. Токиодан нақты үміт артатын: 69 кг салмақ дәрежесіндегі спортшылар. Жартылай ауыр салмақ дәрежесінде Бекзат, Қамшыбек, Василий сынды спортшыларымыз бар. Бір емес, одан да көп алтынмен оралуға мүмкіндігіміз бар.

- Бүкіл қаржыны аяқдопқа құйып жатырмыз. Неге қазақтың қанына сай, перспективасы мол боксқа құймаймыз?

- Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында мемлекеттің тарапынан бөлінетін қаражатты бұрынғыдай аса төгіп-шашудың қажеті жоқ деді. Оны жасөспірімдер және жастар спортына бөлуді тапсырды. Спорт объектілерін салу, ауылды жерге спорт инструкторларын жіберу туралы тапсырма берілді. Яғни, спорт қайта қолға алынды.

- Қазақстанға белгілі бокс бапкерлері неге шетелге кетіп жатыр?

- Қазақстанның бокс мектебі дүние жүзінде сұранысқа ие. Мысалы, бапкер Болат Ниязымбетов Венгрияда, тағы да басқа бапкерлеріміз Араб мемлекеттерінде, Үндістанда, Қытай, Тайланд, Малайзияда жұмыс істеп жатыр.

- Сіз 10 баланың әкесісіз. Сіздің жолыңызды жалғастырғысы келетін балаларыңыз бар ма?

- «Мен боксшы боламын, чемпион боламын» деп жүрген кішкентайларым бар. Ал үлкендерім баскетболға, су добына, тағы басқа спорт түрлеріне барды. Мен оларды «үлкен дәрежеге жет» деп қыстамадым да. Үлкен ұлым Тойбек оператор, екінші ұлым аспазшы. Таң қаласыз. Кішкентай кезінен осы мамандыққа талпынған. Үшінші ұлым әскери жолды таңдады. Қалғандары мектепте оқиды. Қызым Қазақ Ұлттық университетінде Халықаралық қатынастар факультетінде оқып жатыр. «Жақсы әке қырық жылға азық» деп, үлгілі тәрбие беруді басты мақсат санаймын.

- Сұхбатыңызға рахмет!