Қоғамдық жұмыс әкімшілік жаза ретінде енгізілді
Депутат әкімшілік кодекстің жаңашылдықтары жайлы айтты

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ әкімшілік құқық бұзушылықтан туындайтын қоғамдық қатынастар реттейтін «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының ерекшеліктері менартықшылығы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
– Үнзила ханым, заң аясындағы жаңа әкімшілік жауапты енгізу бойынша қандай қылмыс жасағандар қоғамдық жұмысқа тартылады?
– Заң жобасы аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 11 бабыныңсанкциялары әкімшілік жазаның баламалы түрімен толықтырылды. Қоғамдық жұмыстарға тартылатындар жайлы жеке-жеке тоқталып кетейін. Олар: «Отбасылық және тұрмыстық қатынастар саласында заңға қайшы әрекеттер (мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық), «Ұсақ бұзақылық», Қоғамдық пайдалану орындарын (көшелер, саябақтар және т.б.) ластау, «Арнайы қызметтерді жалған шақыру», «Қоғамдық орындарда алкоголь ішіп, мас күйінде болу», «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін тұлғаның заңды талабына бағынбау», Қоғамдық орындарда ыңғайсыздық тудыратын әрекеттер жасау, қорлау, тиісу», «Арнайы қызмет көліктеріне (мысалы, жедел жәрдем, полиция) жол беру міндетін орындамау», «Жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың жол ережелерін бұзу», «Сотты құрметтемеу», «Соттың үкімі, шешімі немесе басқа сот актісі мен орындаушы құжатты орындамау».
Мысалы, қазір жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластағаны, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды шығарғаны үшін (ӘҚБтК-нің 434-2-бабы) Жеке тұлғаларға тек 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Заң жобасы аясында қазіргі айыппұлға балама ретінде «немесе қырық сағат қоғамдық жұмыстарға тарту» ұсынылған.
– Заң жобасы бойынша қоғамдық жұмыстарды қолдану құқығы кімдерге берілген?
– Заң жобасы бойынша, бұл құқық соттарға берілген. Әкімшілік айыппұлды жеке тұлғаға тағайындау кезінде судьялар құқық бұзудың сипатын, кінәлі адамның жеке басын, оның құқық бұзғанға дейінгі және кейінгі мінез-құлқын, мүліктік жағдайын, сондай-ақ жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын жағдайларды ескереді.
– Қоғамдық жұмыстарды кейбір адамдарға тағайындауға болмайтын ерекшеліктер бар ма? Егер бар болса, оған кімдер жатады?
– Иә, заң жобасында ондай нормалар қарастырылған. Қоғамдық жұмыстарды жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, үш жасқа дейінгі балалары бар жалғызбасты ерлерге, 58 жастан асқан әйелдерге, 63 жастан асқан еркектерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге және әскери қызметкерлерге тағайындауға болмайды.
– Қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарған жағдайда қандай шаралар қарастырылған?
– Заң жобасында қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарған тұлға әкімшілік құқық бұзды деп танылады. Мұндай жалтару ҚР ӘҚБтК669-бабы бойынша соттың шешімін орындамау ретінде қарастырылады. Бұл үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 20 күнге дейін әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген.
– ӘҚБтК-ге неліктен күштеп жеткізу енгізіліп жатыр?
– Заң жобасындағы күштеп жеткізуге қатысты түзетулер жаңалық емес. Қазіргі уақытта әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шарасы ретінде күштеп жеткізу қарастырылған. Заң жобасында жеткізу тәртібінің өзі ғана нақтыланады.
– Елімізде жеке деректердің тарап кетуі жиі қайталанды. Азаматтарға жеке деректерді заңсыз жинау кезінде моральдық зиян келтіріліп жатыр. Заң жобасында бұл мәселе бойынша қандай да бір түзетулер бар ма?
– Иә, әрине, заң жобасында жеке деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған түзетулер қарастырылған. Ол бойынша мынадай айыппұлдар ұсынылады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға — 30 АЕК (қазір – 10 АЕК). Лауазымды тұлғаларға, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 60 АЕК (қазір – 20 АЕК). Орта кәсіпкерлерге — 100 АЕК (қазір – 30 АЕК), ірі кәсіпкерлерге — 200 АЕК (қазір – 70 АЕК).
– Заң жобасында негізгі қызметі ірі сауда нысандарында сауда орындарын жалға беретін кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін жауапкершілік енгізіліп жатыр. Бұл өзгерістердің себебі неде? Біздің кәсіпкерлер дайын ба?
– Ұсынылған нормалар «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес келтіруді көздейді. Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің құқықтары мен міндеттерін нақтылап, ірі сауда нысандарында жұмыс істейтін бизнеске қосымша жауапкершілік жүктейді. Бұл түзетулер кәсіпкерлердің жұмысын заңдық тұрғыдан реттеу мақсатымен енгізілген. Сондықтан бұл біздің кәсіпкерлер үшін жаңа талап емес. Негізгі қызмет түрі ірі сауда объектілерінде сауда орындарын жалға беретін кәсібі бар заңды тұлғалар оларға қатысты талаптар туралы білуге тиіс.
– Осыған дейін Конституциялық сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қысқартылған өндіріс тәртібімен қаралған жағдайда, жауапкершілікке тарту туралы шешім азаматтың істі қайта қарап шығу құқығынан айырмауы керек екенін атап өткен болатын. Осы мәселе бойынша заң жобасы аясында қандай да бір жұмыстар жүргізілді ме?
– Иә, заң жобасы аясында 2023 жылдың 28 сәуіріндегі № 12-НП Конституциялық соттың қаулысын іске асыруға бағытталған түзетулер енгізілген. Атап айтқанда, заң жобасында ӘҚБтК-нің 47-бабының кейбір бабына өзгерістер енгізілді. Бұл азаматтарға өз құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Мысалы, егер адам асығыс түрде жасалған құқық бұзушылық үшін айыппұл төлеуге келіссе, содан кейін ол мұндай әрекеттің жасалуына қатысты деректі қайта қарағысы келсе, онда заң жобасы қабылданғаннан кейін азаматтар жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша осындай шешімдерді қайта қарауға құқылы болады.
– Заң жобасында құқық қорғау органы қызметкерінің (әскери қызметкер-авт.) заңды қызметіне кедергі жасау және араласу үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіліп жатыр. Бұл туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Іс жүзінде құқық қорғау органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің) заңды қызметіне кедергі келтірумен қатар, олардың заңды қызметіне араласу да болып жатады. Әдетте, бұл сыртқы бақылаушылар, арандатушылар сынды үшінші тараптағы адамдар, олар кейін материалды әлеуметтік желілерде жариялап, қоғамдық резонанс тудыруға бейім болады.
Осыған байланысты ӘҚБтК-нің 667-бабына толықтырулар, яғни құқық қорғау органы қызметкерінің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін, сол сияқты балағат сөздер айту, құрметсіздік көрсету, әдепсіз мінез-құлық, арандатушылық, қорлау, әдепсіз қимылдар жасау және оған бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдаланғаны үшін әкімшілік жауаптылық мүмкіндігі қарастырылған.
– Көлік құралының қозғалысы кезінде жолаушылардың көлік салонының сыртында болуы үшін әкімшілік жауапкершілік енгізудің қажеттілігі неде?
– Қазіргі уақытта, әсіресе, түлектер кештері мен үйлену тойлары кезінде, кортеждерде жолаушылардың көлік құралының люктерінен немесе терезелерінен шығуы жиілеп кетті. Бұл олардың қауіпсіздігіне немесе өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Трагедиялық оқиғалардыңалдын алу мақсатымен мұндай әрекеттерге жол берген жолаушыларға қатысты арнайы жауапкершілік енгізу ұсынылды. Бұл тәсіл жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әртүрлі теріс салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.