Модельдер сахнаға ұлттық киіммен шықты
1 қазан – Радио қызметкерлері күніне орай өткен ASYL MURA этнофестивалінде «Ең үздік ұлттық киім» номинациясы бойынша Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Кербез models» тобы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық нақыштағы әсем киімдерімен сахнаға шыққан сәнқой әжелер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Қатысушылардың сәнді жүрісі мен сахналық мәдениеті ерекше әсер қалдырды. Бұл жеңіс ұжымға жаңа шабыт сыйлап, алдағы шығармашылықтарына серпін берді.
«Кербез models» тобына зейнеткер Екатерина Жақияқызы жетекшілік етеді. Ұжым ұлттық киім үлгілерін насихаттап, мәдени мұраны дәріптеуді мақсат етеді.
Әжелер аптасына үш рет Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында бас қосып, дайындық жұмыстарын жүргізеді.
Оларға сән көрсетілімі өнері бойынша хореограф Томирис Байкенова дәріс беріп, әдемі жүріс-тұрысқа үйретіп жатыр. Қазіргі таңда сән тобында 20 қатысушы бар.