Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды
Белгілі актриса әрі продюсер Жұлдыз Әбдікәрімова бесінші сәбиінің есімін көпшілікке жария етті. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұлдыздың айтуынша, өткен күзде ол Түркістанға арнайы сапар жасап, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесіне барған. Сол жерде ол болашаққа қатысты ойға шомып, өзіне «Мен кіммін? Қайдан келемін? Қайда барамын?» деген сұрақтар қойғанын айтады.
«Тарихта есімі таңбаланып, даналығы ұрпағына мәңгі сабақ болып тұрған Ұлы адамның кесенесінен кете алмай, айналшықтап жүріп алдым», – деп жазды ол.
Араға айлар салып, қызы дүниеге келгенде, оның есімі өзгеше болатынын бірден түсінгенін жеткізген актриса қызын Рәбия Сұлтан деп атауды жөн көріпті.
«Рәбия Сұлтанды қырық күнге толтырып, салт пен дәстүрге сай бар ырымын жасап, қырқынан шығарып алдық. Шүкір», – деп жазды ол.
Жұлдыз қызына үлкен үміт артып отырғанын да жасырмады:
«Періштені жаудырып жатқан жылы тілектеріңіз қабыл болғай. Әр аңсаған отбасыға сәби сүйюді тілеймін», – деп қорытындылады ол.