«Ұйымдастырушылар кінәлі»: Айқын Джей Лоның концертінде өнер көрсеткен Садраддинге қолдау білдірді (ВИДЕО)
Ол шетелдік әншілерде де олқылық болатынын мысал қылды

Әнші Айқын Төлепберген әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің Алматыдағы концерті кезінде өнер көрсеткен Садраддинге қатысты көпшілік тарапынан айтылған хейтке жауап беріп, қолдау көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен шынымен Садраддинге тиісіп жатқан көрерменді түсінбеймін. Әнші жанды дауыста стадион сахнасына шыққаннан кейін, аздаған фальштар немесе кішкене сыр беру – қалыпты жағдай. Себебі ол студия емес, ол жерде адам билейді, қозғалады, тынысы өзгереді. Мұндай сәт кез келген орындаушыда кездеседі. Тіпті Майкл Джексонның өзі де тірі концерттерде дауысты таза ұстай алмай, олқылық жіберген кездері болған. Оның видеоларын YouTube-та көруге болады. Шетелдік әртістердің де жазбалары кейін студияда өңделіп, түзетіліп барып эфирге беріледі», - дейді Айқын.
Сондықтан ол көрерменнің Садраддинді сол сәт үшін сынап қабылдамауы – әділетсіздік екенін айтты.
«Бұл жерде негізінен ұйымдастырушылардың кінәсі бар. Өйткені билет бағасы ең төмені 75 мың теңге болған соң, жас көрермен келе алмады. Ал көрермендердің басым бөлігі жасы үлкен ағалар мен апайлар болды. Олар, әрине, әншіні таниды, Садраддиннің шығармашылығымен таныс. Бірақ жас көрермен секілді сахна алдында қол көтеріп, айқайлап, қызу реакция білдірудің орнына тыныш отырады да, ара-тұра «молодец, красавчик» деп қолдайды. Алматыдағы концертте сахнадан «Қайдасыңдар? Қолдарыңды көтеріңдер!» деген шақыруға жастар көп болса басқаша әсер болар еді. Өкінішке қарай, қымбат билет оларға қолжетімсіз болды. Сондықтан менің ойымша, Садраддин – қазіргі жас әншілердің ішінде ең дарынды, ең ерекше орындаушылардың бірі. Оған сәттілік тілеймін. Жанды дауыста ән айту – нағыз ерлік. Садр, сен жарадың», - деп жазған әнші.
Еске салсақ, 10 тамызда Алматыда Дженнифер Лопестің концертінде жас әнші Садраддин өнер көрсеткен еді.