Түркия қонақ үйлердегі «All inclusive» тамақтану жүйесін алып тастамақ
Ел билігі тамақ қалдықтарымен күресудің жаңа кезеңін бастайды

Түркия президенті жанындағы ауыл шаруашылығы және азық-түлік саясаты кеңесі қонақ үйлердегі «All inclusive» жүйесі мен дәстүрлі мол таңғы ас үлгісінен бас тартуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның орнына «өзің таңда» форматы енбек. Мақсат – азық-түлік қалдықтарын азайту. Түркиядағы Азық-түлік шығындарын болдырмау қорының дерегінше, елде жыл сайын 23 миллион тоннаға жуық өнім қоқысқа кетеді. Соның ішінде күн сайын шамамен 12 миллион нан қоқысқа түседі екен.
Кеңес мүшелерінің айтуынша, қонақ үй таңғы асындағы тағамдардың жартысы сұраныссыз қалып, тасталады. Көп жағдайда мейрамханалар қонақтар санына қарай артық порция береді.
Жаңа ереже күшіне енсе, қонақтар тек жейтін тағамын ғана тапсырыс бере алады. Ережені бұзғандар сауда министрлігі айыппұл салады.
Бұл шаралар тағамды ысырап етуді азайтып, азық-түлік бағасының өсуін тежеуге және аштықпен күреске бағытталған.