Астанада зейнеткерлер билейтін дискотека алаңы пайда болды (ВИДЕО)
Жаз бойы осы жерде 11 би кеші өткен

Жазғы маусымда зейнеткерлер өз уақытын көңілді өткізу үшін белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Жетісу саябағында әр сәрсенбі сайын «Жадыраған жаз» атты зейнеткерлер дискотекасын өткізіп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зейнеткерлерге арналған ретро әндердің би кештері ардагерлерді әлеуметтендіру, сауықтыру және егде жастағы адамдардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылады. Жаз маусымы ашылғаннан бері 11 би кеші өткен.
«Дискотека кештерінде зейнеткерлер өздерінің концерттік бағдарламасын ұсынады, кеш жеке орындаушылардың әндерімен басталады. Сондай-ақ би ұжымдары да өз өнерлерін ортаға салады. Өнерлі ата-әжелер қалауы бойынша жастық шақтарын еске түсіретін ескі әндерді орындап, соңы замандастардың би кешіне ұласады. Екі сағат позитивке толы өтеді, зейнеткерлер бір-бірін көріп қауышады, жаңа достық қарым-қатынастар қалыптасады», - деп хабарлады ұзақ өмір сүру орталығының өкілдері.
Сонымен қатар, жаз маусымы ашылғаннан бері «Жетісу», Президент паркі, Ататүрік және Ботаникалық саябақтарда, Нұржол гүлзары мен Ұстаздар алаңында, Қаламгерлер аллеясында, «Жастар» сарайының жанында сағат 9.00-11.00-ге дейінгі аралықта таңғы сауықтыру жаттығулары өтіп жүр.
Күн сайын 500-ге жуық қала зейнеткері йога, оңалту гимнастикасы, айкүне, скандинавиялық серуен және «Цигун» тыныс алу гимнастикасынан таңғы жаттығулар жасайды.
Бұл бастама қала тұрғындарының денсаулығын нығайту және спорттық белсенділікті арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жазғы сауықтыру жаттығуларына қатысуға ниет білдірген барлық қала тұрғындарын сауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз. Зейнеткерлер бұл шараларға тегін қатыса алады.
Сауықтыру жаттығулары «Жетісу», «Жерұйық», Ботаникалық саябағында, Орталық және Президент саябағында, Нұр жол гүлзары мен Мұғалімдер алаңында қыркүйек айына дейін кестеге сәйкес жалғасын таппақ.