$ 546.36  630.44  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.06.2025, 18:00
AR trend

«Мені күтіп тұр»: Тоқаевпен суретке түсуді ұмытып кеткен диктор оқиғаның қалай болғанын айтып берді (ВИДЕО)

Сауық Жақанованың айтуынша, Ақорда журналистерді протоколмен алдын ала таныстырған

«Мені күтіп тұр»: Тоқаевпен суретке түсуді ұмытып кеткен диктор оқиғаның қалай болғанын айтып берді (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Жуырда жазғанымыздай, президент БАҚ қызметкерлерін құттықтаған кезде диктор, Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова Қасым-Жомарт Тоқаевпен суретке түсуге ұмытып кеткен еді. Оның видеосы әлеуметтік желіде қатты таралып, халықтың ілтипатына бөленген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Осы оқиғадан кейін «Qazaqstan» Ұлттық арнасындағы «1001 түн» бағдарламасына сұхбат берген Сауық Жақанова өз пікірін айтқан. Ол Ақорданың іші ғажап екенін айтып, таңданған.

Айтуынша, бәрі протоколға сай өтіп, журналистер аты-жөні жазылған орындыққа отырған екен.

«Бізге алдын ала бәрін түсіндіріп, үш-ақ адам сөз сөйлейтінін айтты. Аты-жөнімді жазып қойған орындыққа отырдым. Президентті көріп, кеудеме орден таққан кезде жасым бірталайға келсе де эмоциямен «түсім бе, өңім бе» деп тұрдым. Орденді таға бере, маған қарап қолын алға созғандай болды. Мен жүре бердім, сөйтіп суретке түсуді ұмытып кетіппін. Есіме түсіп, артыма бұрылсам, мені күтіп тұр. Сөйтіп екеуіміз суретке түстік», - дейді Сауық Жақанова.

Естеріңізге сала кетейік, Сауық Жақанова 1945 жылы 11 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Еркіндік ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

1966-2002 жылдары Қазақ радиосында диктор, 1998-2000-жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахналық сөйлеу пәнінің дәріскері болды. 2000-2013 жылдары Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің журналистика факультетінде оқытушылық етті. 

Жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап «Сөйлеу техникасы» (2002), «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» (2004) жинақтарын жазды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған (1985). 

Серіктес жаңалықтары