«Әлемдік жұлдыз»: Димаштың өнері үш президенттің назарын аударды

Автор: Алмас Ерсін

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев әншінің домбырада ойнау шеберлігіне тәнті болып, Қасым-Жомарт Тоқаев Димашты әлемдік жұлдыз деп атаған

Фото: dimashnews.com

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Анкарадағы өнері үш елдің президентінің назарын аударды. Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев әншінің домбырада виртуоз орындауына тәнті болса, Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақстандық өнерпаздардың өнер көрсеткені үшін алғыс айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшыларының әңгімесі туралы Қазақстан Президентінің қызметін ақпараттық тұрғыда сүйемелдейтін журналист Әділ Балтабаев Instagram парақшасында жариялады. Ол саммит аясындағы концерттен түсірілген видеоны бөлісіп, көшбасшылардың әңгімесіне қатысты тың деректерді жеткізген.

Журналистің айтуынша, президенттер Димаш Құдайбергенге ерекше назар аударған. Қасым-Жомарт Тоқаев әншіні әлемдік жұлдыз деп атаса, Шавкат Мирзиёев оның ұлттық аспапта шебер ойнайтынына таңданысын білдірген.

«Режеп Тайип Ердоған тіпті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақстандық өнерпаздардың өнер көрсеткені үшін арнайы алғыс айтты. Ал президенттердің әңгімесінде Димаш Құдайберген ерекше тақырыпқа айналды! Қасым-Жомарт Тоқаев оны “әлемдік жұлдыз” деп атады. Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Димаштың домбырада виртуоз ойнайтынына тәнті болды. Бұған Мемлекет басшысы Димаштың кәсіби музыкант екенін қосты», – деді журналист.

Жарияланым әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударды. Қазақстандық тыңдармандар әншіні халықаралық деңгейдегі іс-шарада өнер көрсетуімен құттықтаса, Түркиядан пікір қалдырғандар концерт үшін алғыс білдірген.

Түркі әлемі өнер шеберлерінің концерті Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында өтті. 30 қазанға қараған түні концертті ұйымға мүше мемлекеттердің президенттері тамашалағаны белгілі болды.

Музыкалық бағдарламаға түркі әлемі елдерінің шығармалары енді. Оларды «Түркі әлемі» ансамблі мен Түркия Республикасының Президенттік симфониялық оркестрі орындады. Концертке қатысқан өнерпаздардың бірі – Димаш Құдайберген.