«Енді мен «әке» деп шақыра алмаймын»: танымал асаба ата-анасын еске алды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Асаба ата-анасы 8 жасында өмірден өткенін айтып, сағынышын жеткізді

Фото: Видеодан скрин

Танымал асаба Айбат Никулин Айбат Никулин бала кезінде ата-анасынан айырылғанын еске алып, жүрекжарды жазбасын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Асаба сөз басында ата-анасы 8 жасында өмірден өткенін айтып, сағынышын жеткізді.

«Қазір мен 37 жастамын. Бірақ ішімде әлі де 8 жастағы Айбат бар… Осыдан 29 жыл бұрын ол бала әкесі мен анасынан айырылды. Ол кезде мен «жетім» деген сөздің салмағын түсінбедім. Тек бір нәрсені білдім. Енді мен «Әке» деп шақыра алмаймын. «Мама» деп құшағына кіре алмаймын», – дейді Айбат Никулин.

Ол сөзін жалғай отырып, балаларына құшағына алған сайын ата-анасының қадірін түсінетінін тілге тиек етті.

«29 жыл өтті. Мен өстім. Ер жеттім. Отбасы құрдым. Өзім әке болдым. Бірақ кейде түн тыныштығында 37 жастағы менің ішімнен әкесі мен анасын іздеген 8 жастағы бала оянады. Қазір өзім әкемін. Балаларымды құшағыма қысқан сайын әке шешемнің қадірін түсінемін! Олар менің ер жеткенімді көрген жоқ. Әке болғанымды көрмеді. Балаларымды көрмеді. Бірақ мен сенемін, қай жерде болса да, бүгінгі Айбатқа қарап, мақтанатын шығар. Әкешім, анашым! Ішімдегі 8 жастағы Айбат сіздерді әлі де сағынады… Жатқан жерлеріңіз  жайлы болсын!» – деп жазды асаба.