«Бізге рұқсат бермеді, ал Каньеге болады»: Баян Алагөзова Алматыдағы концертке шүйлікті

Автор: Алмас Ерсін

Продюсер KeshYou тобының концертін еске алып, сол кезде өз командасына отшашу қолдануға рұқсат берілмегенін айтты

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова Алматыда өткен Канье Уэстің концертінен кейін отандық және шетелдік әртістерге, оның пікірінше, әртүрлі жағдай жасалатынын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Threads желісіндегі жазбасында ол KeshYou тобының стадионда өткен концертін еске алып, сол кезде командасына отшашу қолдануға бірнеше рет рұқсат берілмегенін айтты. Ал 15 тамызда америкалық рэпердің шоуында пиротехника қолданылған.

Алагөзова қазақстандық әртістерге мұндай мүмкіндік берілмегеніне түсінбей қалғанын жеткізді. Ол екі концерттің қойылымын да салыстырып, KeshYou ауқымды шоу жасағанын, ал америкалық рэпердің «сфераның үстінде жай ғана жүріп, аса қиналмағанын» айтты.

«KeshYou-дың стадионда өткен концерті есімде. Біз отшашуға рұқсат сұрадық, қайта-қайта өтіндік, бірақ бізге үзілді-кесілді рұқсат бермеді. Біртүрлі әрі өкінішті. Біздің әртістерге әлі күнге дейін: кешіріңіздер, сіздер өзіміздікісіздер, сіздерге болмайды. Ал Каньеге болады... Сонда заң алдында бәрі тең, бірақ біреулер басқалардан да тең болғаны ма? Оның үстіне біз шынымен әлемдік деңгейдегі шоу жасадық, ал Канье сфераның үстінде жай ғана жүріп, аса қиналмады», – деп жазды Баян Алагөзова Threads желісінде.

Продюсердің пікірі Threads қолданушылары арасында әртүрлі реакция тудырды. Кейбір пікір қалдырушылар барлық әртіске ортақ талап қойылуы керек деген оймен келісті.

«Ереже бәріне бірдей болуы керек», – деп жазды қолданушылардың бірі.

Ал енді біреулер KeshYou тобын Канье Уэстпен салыстыруды сынға алып, оның өнер көрсетуіне берілген бағамен келіспеді. Кейбір қолданушылар продюсер әлемге танымал әртістің еңбегін бағаламай отыр деп есептеді. Олардың айтуынша, Канье бір жарым сағатқа жуық үзіліссіз өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше атмосфера сыйлаған.

Тағы бір пікір қалдырушы қазақстандық поп-топты әлемге әйгілі әртістердің бірімен салыстыруды орынсыз деп атап, олардың ауқымы, музыкалық индустриядағы орны және шоу тұжырымдамасы әртүрлі екеніне назар аударды.