«Сендер еркек емессіңдер»: Димаш Құдайберген әйелге қол көтеретіндерді қатаң сынға алды
Әнші әйелге күш көрсетуді адамгершілікке жат әрекет деп атады
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген әйелдерге күш көрсететін ер адамдарға қатысты өткір пікір білдірді. Әдетте көпшілік алдында сабырлы әрі салмақты сөйлейтін өнер иесі бұл жолы ойын бүкпесіз жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әншінің айтуынша, әйелге зорлық көрсету – адамгершіліктен жұрдай әрекеттің ең төменгі көрінісі.
«Әйелдерді ұрып-соғып, соны мақтан көретіндер, өздеріңді қалай еркек деп атай аласыңдар?! Егер жұдырықтарың тек әйелге ғана көтеріле алса, сендер еркек емессіңдер – хайуансыңдар, бітті. Әйелді қорлау арқылы құрметке ие болуға тырысу – адамгершіліктен жұрдай әрекеттің ең төменгі көрінісі!» – деді Димаш.
Өнер иесінің бұл мәлімдемесі Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста айтылды.
Еске салайық, Жамбыл облысында жас әйел күйеуімен болған жанжалдан кейін көз жұмды. Марқұмның туыстарының айтуынша, күйеуі оны «Барни» тәтті тоқашын жеп қойғаны үшін ұрып-соққан.