21.08.2026, 23:24
AR trend

«Шекараларды бұзу»: Димаш DIMENSIONS турының жаңа тарауын таныстырды

Әлемдік турдың екінші тарауы «Шекараларды бұзу» деп аталды

«Шекараларды бұзу»: Димаш DIMENSIONS турының жаңа тарауын таныстырды
Фото: dimash.com

Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген DIMENSIONS әлемдік турының екінші тарауының тұжырымдамасын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа тұжырымдама туралы 32 жастағы Қазақстанның халық әртісі мен оның командасы Instagram-дағы бірлескен жазбасында жариялады. Турдың екінші тарауы «Шекараларды бұзу» деп аталды.

Визуалды тұжырымдама шынайы және цифрлық пішіндердің үйлесіміне құрылған. 3D-пиксельдердің фрагменттері түрлі өлшемдерден құрастырылғандай кеңістік қалыптастырады. Ал экран шегінен шығып жатқан бөлшектер шынайы және виртуалды әлемнің, классикалық вокал өнері мен авангардтың арасындағы шекараны жояды.

«Бұл – DIMENSIONS, қалыптасқан өлшемдердің шеңберінен шығатын өнердің көрінісі», – деп атап өтті әртістің өкілдері.

Жарияланған кадрларда Димаш techwear стиліндегі былғары киіммен көрінді. Оны үздіксіз ыдырап, қайтадан біртұтас болып жиналатын цифрлық фрагменттер қоршап тұр.

Әншінің командасының айтуынша, бұл образ әлем бір кездері таңған жалғыз қалыптан арылуға ұмтылған адамды бейнелейді. Жобаның визуалды тілі Димаштың музыкасын да сипаттайды. Оның сан қырлы шығармашылығы түрлі бағыттарды біріктіріп, бір ғана жанрдың шеңберімен шектелмейді.

«Өнерінің аясын кеңейте отырып, ол ән айтуға деген сүйіспеншілігіне әрдайым адал болып қалады. Әрбір жаңа шығармашылық ізденіс осы таза әрі шынайы құштарлықтан туады», – дейді Құдайбергеннің командасы.

Бұған дейін Димаш Құдайберген Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты пікір білдірген еді. Әнші әйелге қол көтеретін ер адамдардың хайуаннан еш айырмашылығы жоқ екенін айтқан.