«Төрт ай төсекке таңылып жаттым»: Алла Пугачева ауыр жарақаты туралы алғаш рет ашық айтты
Желіде оған қатысты түрлі қауесет тараған еді
Әнші Алла Пугачева желіде тараған түрлі сыбыстарға нүкте қойып, соңғы уақытта не себепті таяқпен жүргенін түсіндірді. Өнер иесі бұл жай ғана образ емес, ауыр жарақаттың салдары екенін ашып айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әншінің сөзінше, ол сүрініп құлап, ортан жілігін сындырып алған. Осы жарақаттан кейін Примадонна төрт ай бойы төсек тартып, таңулы болған.
«Төрт ай бойы мүлдем қозғала алмай жаттым. Жарты жылдай жатуың мүмкін деп ескерткенде, қайта аяққа тұратыныма сенбедім, тіпті үрей ұстамасы болды. Десе де, кейін бір адам келіп «бәрі өзіңе, ерік-жігеріңе байланысты, ауырсынуды жеңсең, бәрін жеңесің» деді. Төсекке таңылған күндерден кейін бойымдағы ауырсынуды әлі де жеңіп келемін», - деді өнер иесі.
Сондай-ақ ол желіде тараған «жүрегіне операция жасатты» деген қауесеттерді теріске шығарды.
«Ешқандай жүрек операциясы болған жоқ, бәрі ойдан шығарылған. Аяғымды сындырып, соның бәрін өте ауыр өткіздім, бірақ өзімді қолға алып, қайта жүре бастадым. Ал таяқты тек адам көп жерде, өзімді сенімдірек сезіну үшін ұстаймын. Әлі де 3-4 айдай уақыт керек, содан кейін таяқсыз-ақ еркін жүріп кетемін», - деп сөзін түйіндеді Пугачева.