23.07.2026, 13:15
AR trend

Актриса Айым Сейітметова күйеуімен ажырасып жатқанын айтты

Актрисаның күйеуі, блогер Талғат Итаев та бұл жағдайға қатысты пікір білдірді

Актриса Айым Сейітметова күйеуімен ажырасып жатқанын айтты
Фото: https://www.instagram.com/aiymsm/

Қазақстандық актриса әрі блогер Айым Сейітметова жолдасы Талғат Итаевпен айырылысқаны туралы сыбысты растады. Ол өзінің Instagram парақшасындағы Story-де ажырасу процесінде екенін айтып, құжат рәсімдеудің қиындығына шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сейітметованың айтуынша, ажырасуға өтініш беру оңайға соқпаған.

«Қазақстанда ажырасу үшін тұтас бір квесттен өту керек сияқты. Онлайн-өтінімді үш рет қайтарып тастады», - деп жазды ол.

Кейінірек актриса опасыздық тақырыбын қозғап, тағы бір эмоционалды жазба жариялады.

«Эмоционалдық сатқындық физикалық сатқындықтан да ауыр тиеді екен. Еркектер, өздеріңізге сенім артқан жандарды бағалаңыздар», - деді блогер.

Бұл сөздер әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Оқырмандардың көбі дәл осы эмоционалдық сатқындық жұптың араздасуына себеп болуы мүмкін деп топшылады. Дегенмен, Сейітметованың өзі әзірге оқиғаның егжей-тегжейін ашып айтқан жоқ.

Ал актрисаның күйеуі, блогер Талғат Итаев бұл жағдайға байланысты өз ойын білдірді. Ол желі қолданушыларын сыбыстарға сеніп тон пішпеуге шақырып, отбасылық мәселелерді көпшілік алдында талқылағысы келмейтінін баса айтты.

«Бөтен біреудің сөзіне сеніп, қорытынды шығаруға кеңес бермеймін. Шындықты білмей тұрып, адам туралы жаман айтудың керегі жоқ. Мен бұрынғыша мұндай мәселелер отбасы ішінде шешілуі әрі талқылануы тиіс деп есептеймін», - деді Итаев.

Сонымен қатар ол қандай жағдай болмасын, әрқашан балаларының жанынан табылатынын және оларды ешқашан тастамайтынын атап өтті.