Испанияда Димаш Құдайберген туралы фильмнің тұсаукесері өтті

Автор: Алмас Ерсін

Испанияда түсірілген деректі фильмде Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы мен әлемдегі жанкүйерлер қозғалысы туралы баяндалады

Фото: dimash.com

Испанияда Димаш Құдайберген туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жобаны әншінің Испаниядағы фан-клубы La Gran Voz Kazaja қауымдастығымен бірлесіп дайындаған

Фильмнің режиссері – жас испан кинематографисі Давид Кольянтес Родригес.

Премьера Palacio de Hielo кинотеатрында өтіп, оған 130-дан астам көрермен жиналды. Қонақтар қатарында Қазақстанның Испаниядағы елшісі Данат Мұсаев бастаған елшілік өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері және қазақстандық жас әнші Жанель Әли болды.

Бұған дейін 15 жастағы өнерпаз Димаштың Барселонадағы концертінде онымен бір сахнада өнер көрсеткен еді. Фильмнің соңғы титрларында оның орындауындағы Te prometo әні шырқалады.

Деректі фильм Испанияда Димаштың өзіне ғана емес, оның жанкүйерлері – Dears қауымдастығына арналған алғашқы киножоба болды. Фильмнің негізгі желісі фан-қозғалыстың бес мүшесінің өміріне құрылған. Олар Димаштың шығармашылығымен қалай танысқанын және бұл қауымдастықтың өмірлерінің маңызды бөлігіне қалай айналғанын баяндайды.

Фильмді түсіру барысында режиссер Испанияның бірнеше өңірін аралап, картина кейіпкерлерімен кездескен және қазақстандық әншінің халықаралық жанкүйерлер қауымдастығының феноменін зерттеген.

Жоба авторларының айтуынша, фильмнің басты мақсаты – әлемге «Димаш қозғалысын», яғни әншінің түрлі елдердегі тыңдармандарға мәдени әрі эмоциялық ықпалын көрсету.

Премьерадан кейін қонақтар мен жанкүйерлер мерекелік кешке жиналып, фильмнен алған әсерлерімен бөлісті.

Жақын уақытта деректі фильм Испаниядағы бірқатар ұлттық кинофестивальде көрсетіледі. Фестивальдік көрсетілімдер аяқталғаннан кейін картинаны ашық онлайн-платформаларда жариялау жоспарланып отыр. Халықаралық аудитория үшін ағылшын, қазақ, орыс және қытай тілдеріндегі субтитрлер дайындалады.

Жоба авторлары фильм Димаштың жанкүйерлеріне ғана емес, қазақстандық әншінің шығармашылығымен енді танысып жатқан көрермендерге де әсер етеді деп үміттенетіндерін айтты.