Шоу-бизнестегі шу: актриса Жанель Серғазина Еркеш Хасенге тұрмысқа шыққанын растады (ВИДЕО)
Өнер иелерінің 2024 жылдың шілде айында шаңырақ көтергені белгілі болды
Танымал актриса Жанель Серғазина әнші Еркеш Хасенмен шаңырақ көтеріп, отбасын құрғанын ресми түрде растап, алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өз сөзінде екеуінің жақынырақ таныстығы «Егіз лебіз» жобасында басталғанын атап өтті.
«Егіз лебіз» жобасы біткеннен кейін де кездесіп, жүздесіп жүрдік. Себебі, бір-бірін қолдап, демеп тұратын мықты команда жиналған еді. Әлі күнге дейін бәріміз керемет араласамыз. Концерттерде кездесіп жүргенде оның ажырасқаны туралы сыбысты естідік. Міне осыдан кейін әзілдеп айтатын «мына қыз маған ұнайды» деп. Сол кезде «енді сенің басың бос, оның да басы бос, неге көрмеске?!» деп әзілдейтін достарымыз. Мен оны алғашқыда қалжың деп есептейтінмін. Себебі, оған басында «інішек» деп жүретінмін. Ол «қайдағы інішек» деп жынданатын», – дейді Жанель Серғазина.
Өнер иесі сөзін жалғай отырып, Еркеш Хасенмен араларындағы сезім қашан пайда болғанын да жасырмай, ашық айтты.
«Араласа бастағаннан кейін ұнаттық, ол көңілін білдірді. Солай екеуіміз жүре бастадық. Ғашық болып, ары қарай үйлендік», – дейді актриса.
Жанель Серғазина күйеуімен арасындағы қарым-қатынас туралы жұрт арасындағы алып-қашпа әңгіме тек биыл басталғанын тілге тиек етті.
«Бұл туралы шу 2026 жылы ғана басталды. Біреудің өміріне жағаласу – мәдениетсіздік деп санаймын. Жалпы біз 2024 жылдың шілде айында тұрмыс құрдық. Ал мына шу екі жылға жуық уақыттан кейін барып шығып отыр», – дейді ол.
Актрисаның айтуынша, Еркеш Хасенмен көңіл жарастырмас алдын оның отбасылық жағдайына да көңіл бөліп, анық-қанығын біліп алған.
«Жылдар бойы жинаған абыройымды бір-ақ сәтте төге салғым келмейді. Бірақ өзім алдын ала сөйлестім, бәрін білдім. «Мен ажырастым, басым бос адаммын, ажырасқан адам қайта отбасын құра алатын шығар» деді. Бәріне көзім жетті. Содан кейін барып туыстарымен таныстырды. Олар да оның ажырасқанын дәлелдеді. Көңіліміз жарасып, ғашық болғаннан кейін бас қосуға бел будық», – дейді актриса.
Айта кетейік, осыған дейін желіде Еркеш Хасен мен Жанель Серғазинаға қатысты дау басталғаны хабарланған.