Түркияда бір топ танымал әртіс есірткіге күдікпен ұсталды

Автор: Алмас Ерсін

Олардың қатарында Бенгю, Мелек Моссо және Ибрагим Челиккол бар

Фото: Türkiye Today

Ыстанбұлда есірткіге қарсы операция барысында танымал поп-орындаушылар Симге Сагын, Мустафа Джежелі, Бенгю, Мелек Моссо, сондай-ақ актер Ибрагим Челиккол ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Türkiye Today-ге сілтеме жасап.

Операция Бейкоз ауданы прокуратурасының шешімімен жүргізілді. Құқық қорғау органдары бір мезетте ұстау және тінту шараларын өткізген.

Ұсталғандарға есірткіні сақтау және қолдану, сондай-ақ тыйым салынған заттарды өзге адамдарға беруі мүмкін деген күдік тағылып отыр.

Қазір олар медициналық тексеру мен арнайы тесттерден өтеді. Осыдан кейін прокурорға жауап береді. Соның қорытындысы бойынша босату немесе істі сотқа жолдау мәселесі шешіледі.

Симге Сагын – 2010 жылдары кеңінен танылған поп-әнші. Оның ең танымал хиті – Aşkın Olayım, бұл ән әлеуметтік желілерде және футбол матчтарында кең таралған.

Фото: Politika

Мустафа Джежелі – Түркиядағы ең танымал поп-орындаушылардың бірі. Алғашында аранжировкамен айналысып, кейін жеке әнші ретінде танылды. Лирикалық балладаларымен және дуэттерімен, музыкалық сыйлықтардың лауреаты ретінде белгілі.

Фото: Видеодан кадр

Бенгю – әсіресе 2000 жылдардың соңы мен 2010 жылдары кең танылған әнші. Бірнеше табысты альбом шығарып, би ырғағындағы тректерімен және түрік эстрадасындағы хиттерімен танымал болды.

Фото: Instagram

Мелек Моссо – поп және альтернатив музыка тоғысында жұмыс істейтін әнші, автор.

Фото: Instagram

Ибрагим Челиккол – кино және телехикая актері, танымал тележобалар мен драмалық сериалдардағы рөлдері арқылы белгілі.

Фото: Legion-Media

Еске салайық, бұған дейін әйгілі түрік актрисасы Ханде Эрчел Ыстанбұл әуежайында ұсталғаны туралы жаздық.