«Өлген тышқанның тұнбасы мен жылан да бар»: Германиядағы музей қымызды «біртүрлі» тағамдардың жанына қойған (ФОТО)
Берлиндегі Disgusting Food Museum музейінде жасалған сурет ел назарын аударды
Берлиндегі Disgusting Food Museum көрмесінде әлемнің ең ерекше тағамдарының қатарынан қымыз да орын алды. Сусынның экспонат ретінде қойылуы әлеуметтік желі қолданушыларын таңғалдырып жатыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Threads платформасында тараған мәліметке сәйкес, музейге барған қазақстандықтардың бірі «Kumis» деп жазылған бөтелкені «экстремалды» тағамдардың арасынан көрген. Бұл жайт желіде қызу талқыланып, қымыздың мұндай тізімге енуі көпшіліктің назарын аударған.
Дегенмен бұл мұражайда әр елдің тағам мәдениетіне тән, бірақ өзге жұртқа тосын көрінетін өнімдер қойылады. Олардың ішінде өлген тышқанның тұнбасы, жылан қосылған тағамдар және ерекше әдіспен ашытылған өнімдер де бар. Яғни бұл жерден шведтің Surströmming ашыған балығы, Casu Marzu атты құрттары бар ірімшік, ішінде ұрық дамып үлгерген үйрек жұмыртқасы мен ашыған акула етін кездестіре аласыз.
Жалпы аталған мұражайдың негізгі идеясы – «жиіркеніш» ұғымының шартты екенін көрсету. Яғни бір мәдениет үшін қалыпты саналатын ас түрі басқа халыққа оғаш көрінуі мүмкін. Осы арқылы ұйымдастырушылар келушілерді тағамға қатысты стереотиптерден арылып, әртүрлі мәдени дәстүрлерге түсіністікпен қарауға шақырады.