Көпбалалы отбасы тағы бір қуанышты сәтке дайындалып жатыр
Танымал қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі мен жары Толқын Мырзақымова отбасындағы тағы бір қуанышты сәтке дайындалып жатыр. Сүйінші жаңалықты өнер иесі Instagram парақшасында әсерлі видео жариялау арқылы бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кадрларда ерлі-зайыптылар саябақ ішінде серуендеп жүр. Фонда Төреғалидің өз орындауындағы лирикалық ән естіледі. Бейнеден Толқынның іші айқын білініп тұрғанын аңғаруға болады. Жарияланымға жазылған қысқа ғана «Саған сенемін» деген жазу отбасы жылуын одан әрі айқындай түскен.
Бұл жаңалық әншінің өнерін сүйетін көпшілік арасында бірден қызу талқыға түсті. Пікір қалдырған оқырмандар ақжарма тілектерін жаудырды:
Қазіргі таңда Төреғали Төреәлі мен Толқын Мырзақымова көпбалалы, көпшілікке үлгі болатын отбасы ретінде танылып жүр. Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, ерлі-зайыпты алты бала тәрбиелеп отыр.
Осылайша, жуырда бұл шаңырақта жетінші сәбидің үні естілуі мүмкін. Жанкүйерлері отбасына бақ-береке тілеп, ер азаматтың жарына деген мұндай ілтипаты ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды нығайта түсетінін айтып жатыр.