«Бүкіл ел қуанды»: Жұлдыз Әбдукәрімова қоныс тойын тойлады
Әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдукәрімова қоныс тойын атап өтті
Жаңа баспананың табалдырығын аттаған сәтте Жұлдыз ең алдымен әке-шешесін, ата-енесін, кіші келінін және әулеттің үлкендерін қонаққа шақырған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Әншінің анасы Гүлзира Айдарбекова келінінің үйіне арнайы келіп, шашу шашып, ақ батасын берді. Екі жақтың туыстары бір дастархан басына жиналып, әсерлі әрі жылы атмосферада уақыт өткізген. Қонақтарға арнайы шақырылған аспаз ерекше тағамдар әзірлеген.
Қуанышты сәтте Гүлзира Айдарбекова келініне 1 миллион теңге көлемінде сый-сияпат табыстады. Желі қолданушылары жас отбасыға ақжарма тілектерін жаудырып, Жұлдызды жаңа қонысымен құттықтады.
Пікір жазғандар «Қандай жылы көрініс!», «Көз тимесін!», «Өте дұрыс шешім», «Баршаңыздың басыңыз аман, төрт көздеріңіз түгел болсын» деген ізгі ниеттерін білдірді.
Сондай-ақ ізін суытпай продюсер өз үйіне де жақсы себеппен құда-құдағиларын шақырған.
«Үш келінімізден Нұртас әулетіне тағы 3 перзент қосылып, отбасымызда кішігірім құда-құдағыйларымызбен мәре-сәре болған сәттерімізбен өздеріңізбен бөлісіп қояйын. Аруназ қызымызға 40 күн, жүрек жылуын толтыра лайктатып, тілек жаза кетіңіздерші, ұрпақтарыңызбен қуанып, ең бақытты сәттерді сезіну сіздерге де жұғысты болсын», - деп жазды продюсер.