Әнші қымбат дүниесін көрсетуге құмар жандарды қолдамайтынын айтты
Танымал эстрада жұлдызы Жанар Дұғалова туған күніне қандай сыйлықтар алғанды ұнататынын айтты. Соңғы жылдары сахнадан көрінбей кеткен өнер иесі «Время» басылымына сұхбат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жақында 39 жасқа толатын әнші ерекше, шынайы махаббатпен жасалған сыйлықтарды ұнататынын айтты.
«Жансая атты тыңдарманым бар. Жыл сайын өзі салған картинаны, өзі шығарған өлеңді жолдайды. Менің өнерімді 20 жылдан бері бақылап келе жатқан тыңдармандарым осындай сыйлықтар беріп жатады. Мен ол заттарды арнайы сөреде сақтаймын. Бір кездері норвегиялық жанкүйерім үлкен картина жіберген, яғни әндерім олардың жанын тербеп, жүрегін толқытқан. Бұл баға жетпес сыйлық, гауһар тастар мен Картье де мұның жанында түкке тұрмайды», - дейді әнші.
Дұғалова өзінде сыйлыққа келген гауһар тасты әшекейлерінің бар екенін жасырмады, дегенмен сәндік бұйымдарды сахнаға тағып шыққаны болмаса, күнделікті өмірде тақпайтынын айтты.
«Сахналық образға керек болса, тағамын. Сырға мен білезік кедергі келтіреді. Бриллианттар мен қымбат тондар маған бақыт бермейді», - деді ол.
Әнші сондай-ақ байлығын әлеуметтік желіде паш теуден жалықпайтын замандастарына қатысты бір ауыз пікір білдірген.
«Әлеуметтік желі даңғойлық пен мақтаншылық мекеніне айналған. Әсемдікті артық кетпей, аздап көрсетуге болады. Мен ешкімді сөкпеймін, бірақ ешқашан қымбат дүниемен мақтанбаймын. Менің тыңдармандарымның арасында менен қарапайым өмір сүріп жатқандар бар екенін білемін. Сондықтан тек шығармашылық жетістіктерімді бөліскім келеді», - деді Жанар Дұғалова.
Әнші алдағы уақытта шығармашылығына жаңа қарқынмен кірісетінін айтты.