«Анама басқа адамдармен тұрған жайлы болды»: Ақан Сатаевтың қызы даулы сұхбаттан кейін мәлімдеме жасады
Ол бөлек тұру анасының өз шешімі екенін айтты
Режиссер Ақан Сатаевтың қызы Айша Сатай әке-шешесінің өміріне қатысты желіде болып жатқан талқыға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен сөздерді контекстен жұлып алып, асығыс қорытынды жасап, ойдан қосып, түрлі қиялға берілетін адамдардан қатты көңілім қалды. Әсіресе, өз өмірінде мәнді де мазмұнды ісі жоқтай көрінетін, өзге біреудің отбасын талдап, ата-анама қатысты түрлі миф ойлап табуға уақыт табатын жандардың бары қынжылтады. Егер адамның жеке өмірі шын мәнінде қызықты әрі толыққанды болса, мұндай әрекеттерге бармас еді деп ойлаймын. Бала кезімнен арандатуға жауап бермеуге, өзімді ақтауға немесе біреуге бір нәрсені дәлелдеуге дағдыланғанмын.Алайда әкем мен анамның ар-намысына нұқсан келтірілетін жағдайға бейжай қарай алмаймын», - деп жазды Айша Сатай.
Ол ата-анасы өзара келісе отырып ажырасқанын айтты.
«Анама өзі таңдап алған 4 бөлмелі пәтер қалды. Ол ересек адам болғандықтан, кіммен тұратынын өзі шешеді. Ешкім туған анасымен араласпай кеткен жоқ. Менің әкем де анама көмектесіп тұрады. Мен анаммен ұзақ уақыт бойы тұрып көрдім. Бірақ оған басқа адамдармен тұрған жайлырақ. Хиджаб киген кезі де өз таңдауы бойынша жасалды. Ол кез мен үшін ең бақытты кезеңдердің бірі. Сатаевтың өнімінен бас тарту керек деп жатқандар оның артында қандай еңбек тұрғанын білуі керек. Сөгу әркез оңай, ал түсініп қарау қиын», - деп жазған ол.
Еске салсақ, Ақан Сатаевтың экс-әйелі Назира Бақаева алғаш рет жеке өмірі жайлы айтып, көлемді сұхбат берген еді.