$ 511.26  597.61  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.01.2026, 11:20
AR trend

«Ауызша берген уәделерін орындаған жоқ»: экс-әйелінің сұхбатынан кейін Ақан Сатаевтың басы дауға қалды

Экс-жұбайлар жеке өмірлерін жария етті

«Ауызша берген уәделерін орындаған жоқ»: экс-әйелінің сұхбатынан кейін Ақан Сатаевтың басы дауға қалды
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Актриса, Ақан Сатаевтың экс-әйелі Назира Бакаева Qysqa Söz подкастында ажырасуына қатысты әңгімелер әлеуметтік желілерде жарияланған бір суреттен кейін күшейе түскенін айтты. Ол Рамазан айында ауызашарға шақырғаны үшін Альмира Тұрсынмен бірге түскен фотосын жариялап, оған алғыс айтқан. Алайда бұл жазба жеке өміріне қатысты ешқандай астары болмағанына қарамастан, желі қолданушылары түрлі болжам жасай бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

 «Қазір ашық айта аламын, осы жағдай ажырасуымыздың басты себептерінің біріне айналды», – деді актриса.

Назира Бақаева көп әйел алуды қабылдай алмағанын жасырмады.

«Өзімді мұсылманмын деп санаймын. Діни тұрғыда бұл ұстанымды жоққа шығармаймын. Бірақ жеке өмірімде мұндай өмір салтына дайын емеспін. Ажырасу туралы шешім аяқасты қабылданбады. Бұл мәселе бірнеше жыл бойы ой елегінен өткізіліп, ортақ келісімге келген. Мұндай жағдайда ең алдымен ата-аналар мен балалардың мүддесі ескеріледі. Қоғам пікірі екінші орында. Ақан Сатаев ата-анасы мен балаларына жауапкершілікпен қарайды. Балалардың әкесімен бірге тұруы – ортақ шешіміміз», – деді Бакаева.

Назира Бакаева ажырасу кезінде жасалған кейбір ауызша келісімдер әлі күнге дейін орындалмағанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда бұрынғы жұбайы жаңа отбасымен бірге тұрып жатқан үй әулеттік, ата-бабадан қалған шаңырақ.

«Бұл үйдің балаларға қалуы керек деген келісім болған. Мен балаларымның болашағы материалдық тұрғыда қорғалған деп сендім. Сонымен қатар, кез келген уақытта сол үйге келіп, балалармен бірге отбасылық мерекелерді атап өтемін деп ойладым. Бірақ ол үйде жаңа отбасы пайда болған соң, өзіме бару ыңғайсыз болды», – деді ол.

Қазіргі таңда актриса балаларымен қарашаңыраққа кірмей, есік алдында, өз көлігінің ішінде кездесетінін айтты. 

«Балалармен көбіне көлігімде немесе сыртта кездесемін. Маған ешкім тыйым салған жоқ. Бұл – менің жеке таңдауым. Себебі сол үйде мен ұзақ жылдар бойы келін, үйдің иесі болдым. Әрбір бұрышы мен үшін отбасының символы еді», – деп бөлісті ол.

Назира Бақаева бұрынғы күйеуінің жеке өміріне араласпауға саналы түрде шешім қабылдағанын атап өтті.

«Мен «тастап кеткен», «ажырасқан» әйел рөлінде қалғым келмеді. Сол себепті өз жолымды таңдадым. Бұл шешім маған оңай болған жоқ, бірақ өз-өзімді құрметтеу үшін қажет болды», – деді актриса.

Актриса бес баланың анасы екенін және аналық рөл ешқашан өзгермейтінін ерекше атап өтті.

«Мен балаларымды дүниеге әкелдім, өсірдім. Олардың әкесінің аты, тегі, руы – бәрі сақталды. Бірақ мен бәрібір олардың анасымын. Балалар анасына деген махаббатын ешқашан жоғалтпайды. Сондықтан мен өз миссиямды орындадым да, өмірімді жаңа арнаға бұрдым», – деді Назира Бақаева.

Назира Бақаева қазір «Бостон» некесі бойынша өзіне жақын құрбысымен тұрып жатқанын айтты. Өз кезегінде режиссер Ақан Сатаев бұрынғы әйелі Назира Бақаева күтпеген мәлімдеме жасағанын айтты.

«Біздің ажырасуымызға басқа адамдар себеп те, сылтау да болмады. Назираның өзі ажырасудың себебі ретінде Альмираны ешқашан атаған емес. Сондықтан да қазіргі жария мәлімдемесі қоғамды манипуляциялау болып көрінді. Мен Назираға балалармен бірге осы үйде тұруды ұсындым. Бірақ ол өзі бас тартты. Назираның таңдауы бойынша үш бөлмелі пәтер алдым, көлігімді де оған бердім. Қаржылай міндеттерімді атқарып келемін. Балалар менімен тұруды қалады. Барлық келісілген міндетті толық орындадым», - деді ол.

Сатаев ажырасқан соң 4 жылдан кейін Альмира Тұрсын екеуі үйленгенін айтты.

«Менің ұсынысым бойынша Альмира мен ұлы біздің үйде тұрып жатыр. Өз фильмдерімді мен жақындарыммен, ағайын-туыспен талқылаймын. Олардың кеңесі мен пікірі жоба үшін «бірлескен авторлық» екенін білмеппін», - деп жауап берді режиссер.

Серіктес жаңалықтары