Оларға әлемдік патенттердің және венчурлық инвестициялардың 70%-дан астамы тиесілі
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO) жариялаған 2025 жылғы Ғаламдық инновациялар индексіне (Global Innovation Index) сәйкес, инновацияларға инвестиция салатын елдер технологиялық прогресс көшін бастап келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зерттеу Сан-Францискодан Шэньчжэньге дейінгі әлемдегі ең ірі жүз инновациялық орталықты қамтиды. Оларға әлемдік патенттердің және венчурлық инвестициялардың 70%-дан астамы тиесілі. Төменде 2025 жылы әлемдегі ең «ақылды» деп танылған жеті қала ұсынылды.
1. Цюрих (Швейцария)
Цюрихтің «ақылды қала» ретіндегі табысы 2018 жылы іске қосылған Smart City Zürich стратегиясына негізделген. Қаланың цифрлық экожүйесі көлік пен энергетиканы қамтиды: ZVV қосымшасы автобустарды, пойыздарды және электросамокаттарды бір жүйеге біріктіреді, ал өнеркәсіптік кәсіпорындар бөлетін жылу ғимараттарды жылытуға және салқындатуға пайдаланылады.
2. Осло (Норвегия)
2019 жылдан бері Осло әлемдегі ақылды қалалар рейтингінде екінші орынды сақтап келеді. Қала экологиялық және инклюзивті даму саласында AAA жоғарғы бағасын алған. «Еуропаның жасыл астанасы» атағына ие болған Осло экологияға қатысты өршіл мақсаттар қойған. Энергияның шамамен 60%-ы гидроқорлардан алынады, ал Oslo Toll Ring жүйесі табиғатты ластамайтын көліктерді қолдануды ынталандырып, жиналған қаражатты «жасыл» инфрақұрылымға бағыттайды.
3. Женева (Швейцария)
Женева Smart City индексінде позициясын нығайтып, тағы да AAA рейтингін алды. Бұл Швейцарияның инновациялар саласындағы көшбасшылығын растайды. Smart Canton бағдарламасы аясында қала инфрақұрылымға цифрлық технологияларды белсенді енгізіп жатыр.
LoRaWAN желісі экологиялық көрсеткіштерді бақылау және энергия жүйелерін оңтайландыру үшін пайдаланылады. Женева білім деңгейі, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы және жасыл аймақтардың саны бойынша да жоғары орындарға ие.
4. Дубай (БАӘ)
Дубай Smart City Index 2025 рейтингінде 12-орыннан 4-орынға дейін көтеріліп, үлкен серпіліс жасады. Қала жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға сүйене отырып, «Жердегі ең бақытты әрі ең ақылды қала» болуды көздейді.
Дубай «жасыл» бастамаларды белсенді енгізіп жатыр: DEWA Smart Grid және Dubai Silicon Oasis жобалары энергия тиімділігін арттырып, БАӘ-нің 2050 жылға қарай 75% таза энергияға қол жеткізу мақсатына қызмет етеді.
5. Абу-Даби (БАӘ)
БАӘ астанасы әлемдік аренадағы позициясын нығайтып, 10-орыннан 5-орынға көтерілді. 2024 жылы жасанды интеллект пен Интернет заттары (IoT) технологияларын қолданатын Zayed Smart City жобасы іске қосылды.
Қала электромобиль мен гибридті белсенді енгізіп, зарядтау станциялары желісін кеңейтіп жатыр. Бұл – 2050 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа жетуге бағытталған Тұрақты энергия стратегиясының бір бөлігі.
6. Лондон (Ұлыбритания)
Лондонда орталыққа кіру төлемі (Congestion Charge), қолма-қолсыз төлем және ультра-төмен эмиссия аймағы (ULEZ) сияқты бастамалар енгізілген.
2025 жылға қарай метрода 2000 шақырымдық байланыс желісі орнатылып, барлық пойыз бен тоннельде 4G және 5G тұрақты желісі қамтамасыз етілмек.
7. Копенгаген (Дания)
Копенгаген Smart City Index 2025 рейтингінде жетінші орында тұр. Сонау 2009 жылы қойылған 2025 жылы әлемдегі алғашқы көміртексіз қалаға айналу мақсаты қаланың даму стратегиясындағы басты бағыт болып қала береді.
Қала үш негізгі басымдыққа сүйенеді: көміртекті бейтараптыққа жету, тұрақты өмір салтын қалыптастыру және экономикалық өсуді қамтамасыз ету. Қала тұрғындарының 62%-ы жұмысқа күн сайын велосипедпен барып-қайтады, ол үшін 400 км веложол желісі құрылған.