Бангладеш соты бұрынғы премьер Шейх Хасинаны өлім жазасына кесті
78 жастағы Хасинамен бірге тағы екі шенеунік кінәлі деп танылды
Бангладеш соты 2024 жылғы жаппай наразылықты күшпен тарату кезінде адамзатқа қарсы қылмыс жасағаны үшін елдің бұрынғы премьер-министрі Шейх Хасинаны сырттай өлім жазасына кесті. Ол бір жыл бұрын Үндістанға қашып кеткен болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.
78 жастағы Хасинамен бірге оның үкіметіндегі тағы екі шенеунік – бұрынғы ішкі істер министрі Асадузаман Хан Камал мен полицияның экс-басшысы Чаудхури Абдулла әл-Мамун кінәлі деп танылды.
Сот залында тек соңғысы болды: ол өз кінәсін мойындады.
Бангладештегі жаппай наразылық 2024 жылдың шілдесінде басталып, көп ұзамай жүздеген адам, соның ішінде балалар қаза тапқан қанды қақтығысқа ұласты.
Наразылықты қатаң басып-жаншыған сәттің видеосы әлеуметтік желіде тарап, ел тұрғындарының ашу-ызасын тудырды.
Бангладештегі ереуілді студенттер ұйымдастырған болатын: олар мемлекеттік сектордағы жұмыс орындарының үштен бірін 1971 жылы Пәкістаннан тәуелсіздік алу үшін соғысқан ардагерлердің туыстарына арнайы бөлу жүйесін өзгертуді талап етті.