Енді ол полицияға барып, қайта-қайта белгіленбейді
Франция соты Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа қатысты бақылауды алып тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
DW жазуынша, Франция билігі елден шығуға қойған шектеулерді жойды. Енді Дуров Франция аумағынан еркін шыға алады және Ниццадағы полиция бөлімшесіне тұрақты түрде белгілену міндетінен босатылды. Бұған дейін кәсіпкерге өзі тұратын Дубайға шектеулі сапарларға рұқсат берілген болатын.
Францияда Дуровқа қатысты мессенджердегі контентті жеткілікті деңгейде модерацияламау және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықтан жалтару бойынша тергеу жүріп жатыр. Тергеушілердің пікірінше, бұл оны балалар порнографиясын тарату, есірткі саудасы және алаяқтық сияқты қылмыстарға қатысы бар тұлға ретінде қарастыруға негіз береді.
Наурызда Дуровқа уақытша Франциядан шығуға рұқсат беріліп, ол Дубайға кеткен. Сонымен қатар Париж прокуратурасы оның АҚШ пен Норвегияға сапарға шығу туралы өтініштерін қабылдамаған.
Еске салсақ, Дуров өткен қазанда Астанаға Digital Bridge 2025 форумына келіп, сөз сөйлеген.