Венесуэла Кариб теңізіндегі жағдайға байланысты мобилизация жүргізіп жатыр
Венесуэла АҚШ-тың Кариб теңізіндегі әскери белсенділігіне жауап ретінде ауқымды әскери жұмылдыруды бастады
Венесуэла АҚШ-тың Кариб теңізіндегі әскери-теңіз және құрлық күштерін күшейтуіне жауап ретінде әскери қызметкерлерді, қару-жарақ пен техниканы қамтитын «ауқымды мобилизация» басталғанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy агенттігі CNN-ге сілтеме жасап.
Елдің қорғаныс министрі Владимир Падрино Лопестің мәлімдеуінше, жедел әскери оқу-жаттығулар басталып жатыр. Бұл шешім АҚШ-тың соңғы онжылдықтардағы аймақтағы ең ірі әскери қатысуына жауап ретінде қабылданған.
Министрдің айтуынша, 200 мың әскери қызметкердің мобилизациясы елге төнген қауіп-қатерлерге дайындықты күшейтуге бағытталған және жаңа оқу-жаттығулардың бір бөлігі болып саналады.
Жаттығуларға тек тұрақты әскери бөлімдер ғана емес, сонымен қатар боливариандықтар жасағы да қатысады. Бұл – марқұм президент Уго Чавес құрған, бейбіт тұрғындардан құралған резервтік күш.
АҚШ тарапы өз кезегінде аймақтағы әскери белсенділікті есірткі трафигімен күрес және елге есірткі жеткізу арналарының жолын кесу мақсатында жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.
Соңғы апталарда АҚШ әскери күштері бірнеше күдікті есірткі тасымалдаушы кемеге соққы берген.
Еске сала кетсек, қыркүйек айында Венесуэла президенті Николас Мадуро өзінің телеарнасында АҚШ тарапынан соғыс қаупі бар екенін айтып, Вашингтонды елде марионеткалық режим орнатуға талпынып жатыр деп айыптаған болатын.