«Калмаеги» тайфуны 114 филиппиндіктің өмірін жалмады
Филиппинде «Калмаеги» тайфуны салдарынан 114 адам қаза тапты, 127 тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті. Елдің орталығын ойрандаған дауыл күшейіп, Вьетнамға бет алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Reuters-тің жазуынша, Вьетнамның Зялай провинциясында жергілікті билік 350 мыңға жуық адамды эвакуациялауға кіріскен. Синоптиктер қатты дауыл су тасқынын тудырып, ауыл шаруашылығына залал келтіруі мүмкін дейді.
Филиппиннің Себу провинциясы табиғат апатынан қатты зардап шеккен. Су қайтқаннан кейін қирандылар, бүлінген үйлер мен аударылған көліктер анық көріне бастаған. Билік дауыл жақындай бастағанда 200 мыңнан астам адам эвакуациялап үлгерген. Дәл осы Себу аймағында бір ай бұрын 6,9 магнитудалы жер сілкінісі болған еді. Биыл ел аумағында 20 рет тропикалық дауыл болған.
Вьетнам билігі мыңдаған сарбазды эвакуация, құтқару және қалпына келтіру жұмысына жұмылдырды. Ал елдің сегіз әуежайының, соның ішінде туристер көп келетін Дананг халықаралық әуежайының жұмысы уақытша тоқтауы мүмкін.
Авиакомпаниялар мен жергілікті билікке дауыл бағытын мұқият бақылап, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды.