АҚШ Қытайға қарсы 500 пайыз баж салығын енгізуі мүмкін
АҚШ сенатында депутаттардың 85 пайызы осы шешімді қолдап отыр

АҚШ Сенаты Қытайға қарсы бұрын-соңды болмаған экономикалық шектеу шараларын қабылдауға дайын. Сенаторлардың шамамен 85%-ы президент Дональд Трампқа Қытайға 500%-ға дейін кедендік баж салығын енгізуге құқық беретін заң жобасын қолдауға ниетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, президент Трамп АҚШ-тың Еуропадағы елшісіне одақтастарға бұл бастама туралы хабарлауды тапсырған. Вашингтон еуропалық серіктестерін де Қытайға қатысты ұқсас шаралар қабылдауға шақырып отыр.
«Егер Еуропа елдері осындай шешім қабылдаса, АҚШ оларды қолдауға дайын», – деді Скотт Бессент.
Айта кетейік, 10 қазан күні Дональд Трамп Қытаймен сауда қатынастарын қайта қарауға дайын екенін және АҚШ-тың қосымша баж салығын көтеру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан болатын.
АҚШ әкімшілігі бұл шешімді Қытайдың Ресейден мұнай сатып алуы және Мәскеумен экономикалық байланыстарды кеңейтуімен байланыстырады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай шаралар жаһандық нарықтағы энергетикалық және сауда тепе-теңдігін түбегейлі өзгертуі мүмкін.