Эммануэль Макронның рейтингі тарихи ең төмен деңгейге түсті
Рейтингтегі деңгейі 14 пайызға тең

Elabe компаниясы Les Echos газеті үшін жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, Франция президенті Эммануэль Макронның рейтинг көрсеткіші оның билікке келген кезінен бергі ең төменгі деңгейге, яғни 14%-ға дейін түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бір ай ішінде бұл көрсеткіш үш пайыздық тармаққа төмендеген.
Toluna Harris Interactive зерттеуінің мәліметінше, сұралғандардың 35%-ы 2027 жылғы президенттік сайлауда «Ұлттық бірлестік» (Rassemblement National) партиясының кандидатына дауыс беруге дайын екенін білдірген.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, аталған партияның өкілі екінші турға солшыл кандидатпен бірге шығуы мүмкін.
Сондай-ақ OpinionWay институтының деректері бойынша, егер ұлттық ассамблея таратылса, «Ұлттық бірлестік» 33–34% дауыс жинауы ықтимал.
6 қазанда Эммануэль Макрон премьер-министр Себастьен Лекорнюдің отставкасын қабылдады. Ол үкіметті бар болғаны 9 қыркүйектен бері басқарған еді.
2024 жылғы парламент сайлауынан кейін Макронның жақтастары ұлттық ассамблеяда көпшілік дауыстан айырылған, сондықтан қолдаусыз бірде-бір үкімет тұрақты жұмыс істей алмай отыр.