Жапония тарихында алғаш рет әйел премьер-министр тағайындалмақ

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол 64 жаста

Фото: Kyodo

64 жастағы Санаэ Такаити Жапонияның жаңа премьер-министрі болмақ. Ол елдің билеуші Либерал-демократиялық партиясын (ЛДП) басқарып, тарихтағы алғашқы әйел үкімет басшысы атанбақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Kyodo агенттігіне сілтеме жасап.

Такаити — Синдзо Абэнің саяси ізбасары

Санаэ Такаити – тәжірибелі саясаткер әрі марқұм премьер-министр Синдзо Абэнің идеологиялық мұрагері саналады. Ол 2012 жылдан бастап оның үкіметінде түрлі лауазым атқарған:

  • партияның саяси зерттеулер кеңесін басқарды;
  • ішкі істер министрі болды;
  • кейін экономикалық қауіпсіздік, мәдени саясат («Cool Japan» стратегиясы), зияткерлік меншік және ғылыми-техникалық, ғарыштық саясат салаларына жетекшілік етті.

2021 жылы Такаити ЛДП төрағалығына үміткер болғанымен, сайлауда Фумио Кисидаға жол берген еді.

Алдағы қадам: парламент мақұлдауы

Либерал-демократиялық партияның шешімінен кейін 15 қазанда парламент оны ресми түрде премьер-министр қызметіне бекітеді. Осылайша, Жапония тарихында алғаш рет ел үкіметін әйел адам басқарады.

Саяси ұстанымдары

Санаэ Такаити консервативті көзқарастарымен танымал:

  • Пацифистік Конституцияны қайта қарауға, әскердің рөлін күшейтуге ниетті;
  • Бір жынысты некеге қарсы;
  • Әйелдердің императорлық таққа отыруына қарсылық білдірген;
  • Ал экономикада салықты төмендету, энергетика мен жартылай өткізгіштер өндірісіне инвестиция тарту, аймақтық қолдау субсидияларын арттыруды жақтайды.

Такаитидің алғашқы сөзі

«Біз Либерал-демократиялық партиямен бірге жаңа дәуірді бастадық. Үлкен алғысымды білдіремін! Алдымызда көп жұмыс, маңызды шешімдер бар. Мен жұмыс пен жеке өмір теңдігі туралы ұранды кейінге қалдырамын. Енді мен тек жұмыс істеймін, жұмыс істеймін, жұмыс істеймін», — деді Санаэ Такаити алғашқы сөзінде.