Елімізге 25 миллионға жуық адам заңсыз кірді – Дональд Трамп
Олардың 11 мыңнан астамы қылмыскер болған

АҚШ президенті Дональд Трамп ол билікке келмей тұрып елге шамамен 25 миллион заңсыз мигрант кіргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекет шекарасындағы жағдай «шекара емес, нағыз катастрофа» болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Олар миллиондап келді. Мен 25 миллион адам туралы айтып отырмын. Сіздер аз санды айтасыздар, бірақ менің пікірімше, 25 миллион адам заңсыз кірген», – деді ол Ақ үйдің баспасөз пулына.
Трамп өз сөзінде АҚШ-та заңсыз кіргендердің арасында 11 мыңнан астам қылмыскер болғанын, олардың көпшілігі елден күшпен шыққанын атап өтті.
«Көптеген қылмыскерді біз депортацияладық. Кейбірін түрмеге қамадық, өйткені олар өте қауіпті болды», – деді президент.
Дональд Трамп бұған дейін де бірнеше рет иммиграциялық саясатты қатаңдату керек деген. Президент қызметіне кіріскеннен кейін ол АҚШ пен Мексика шекарасында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ ол ел тарихындағы ең ауқымды депортация операциясын жүргізетінін мәлімдеген.