АҚШ тұрғыны ипотекасын жапқаннан кейін пәтерінен айырылып қалды

Автор: Алмас Ерсін

Ол мәселені түн ортасында бейтаныс адамдар үйіне кірмек болған кезде бір-ақ білген

Фото: istockphoto.com

Жиырма жылдан астам ипотека төлеп келген Бруклин тұрғыны Филмор Браун су ақысын төлемегені үшін баспанасынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ABC News-тің мәліметінше  ер адам үйді 1996 жылы ипотекаға алып, 2019 жылы оны толық өтеген, алайда суға 5 мың доллар қарыз (2,6 миллион теңгеден астам) болып қалған. 2020 жылы қала билігі қарызды салық немесе коммуналдық қызметтер үшін төленбеген шоттарды қабылдайтын арнайы құрылымға береді. Қарызды сатып алған инвесторлар оны пайызбен қайтаруды талап еткен. Қарыз өтелмегендіктен, үй аукционға шығарылып, сатылған.

Америкалықтың айтуынша, ол мәселені түн ортасында бейтаныс адамдар үйіне кірмек болған кезде бір-ақ білген. Кейін олардың үйге кіруіне заңды негіз бар екені белгілі болды.

«Бұл менің жалғыз арманым. Мен ас-су іше алмай, ұйықтай алмай жүрмін. Оны менен ұрлап алды», - дейді Браун.

Сот құжаттарына сәйкес, хабарламалар 2020 жылдың қарашасында, коронавирус пандемиясы қызып тұрған кезде жіберілген. Алайда Браун ешбір қағазды көрмегенін айтады. Ол қазір үш пәтерлі үйдің жоғарғы қабатында тұрып, төменгі пәтерлерді басқа отбасыларға жалға беріп отыр.