Кәсіпкерлер бір жылға табыс салығынан босатылады
Өзбекстанда кәсіпкерлерге салықтық амнистия енгізіледі. ҚҚС-ке өткендер бір жылға табыс салығынан босатылады, бухгалтер еңбекақысы үшін 5 млн сумға дейін қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі хабарлағандай, елде кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер мен амнистия енгізіледі. Бұл шара бизнестің дамуына серпін беруді көздейді.
Біріңғай айналым салығынан 12% қосылған құн салығына өткен кәсіпкерлер бір жылға табыс салығынан босатылады.
Мемлекет бухгалтерлердің еңбекақысын өтеу үшін 6 ай бойы 5 млн сумға дейінгі қолдау көрсетеді.
Мұндай жеңілдіктер кәсіпкерлерді ҚҚС жүйесіне өтуге ынталандыруға бағытталған.
Президент сонымен қатар салық есебінде қателіктер мен заңбұзушылықтарға жол берген барлық кәсіпкерге салықтық амнистия жариялады.
1 қарашадан бастап бизнес өкілдері өз рейтингін «таза парақтан» бастау мүмкіндігіне ие болады.
Жаңа шаралар Өзбекстандағы кәсіпкерлікті қолдауға, салық жүйесін жаңғыртуға және бизнесті заңды алаңда дамытуға ықпал етпек.