Сирия 13 жыл үзілістен кейін Ливиядағы елшілігін қайта ашты

Автор: Аягөз Құрмаш

Дамаск пен Триполи арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге шықты

Фото: istockphoto.com

Сирияның Араб Республикасының Ливиядағы елшілігі 13 жылдық үзілістен кейін қайта жұмысын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми мәліметке сәйкес, Сирия сыртқы істер министрлігінің делегациясы Ливия астанасында уақытша штаб-пәтерде консулдық қызметтер көрсете бастады.

Бұған дейін екі ел арасындағы байланыстардың жақсаруының белгісі ретінде Дамаск халықаралық әуежайынан Триполиға «Syrian Airlines» әуе компаниясының алғашқы тікелей рейсі ұшқан болатын.

Сондай-ақ, биыл сәуір айында Антальяда өткен дипломатиялық форумда Ливия премьер-министрі Абдель Хамид Дбейба мен Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа екі ел арасындағы ынтымақтастықты күшейту мақсатында арнайы комитет құруға уағдаласты.

Мамыр айында Сирияның өтпелі үкіметінің Сыртқы істер министрі Асаад аш-Шейбани Ливияда елшілік пен консулдықты қайта ашу ниетін жариялаған еді.

Айта кетейік, Сирияның Триполидегі дипломатиялық өкілдігі 2012 жылы, 2011 жылдан басталған Сирия қақтығысы кезінде жабылған болатын.