Аляскадағы саммитте Ресей өз ұстанымын айқын жеткізеді – Лавров

Автор: Аягөз Құрмаш

Аляскада Трамп пен Путин саммит өткізбек

Сергей Лавров (Фото: Global Look Press)

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Аляскада өтетін саммитте Мәскеудің ұстанымы нақты және түсінікті түрде ұсынылатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Лавровтың айтуынша, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың сапарлары барысында елеулі жұмыстар атқарылған.

«Ресей бұл пайдалы диалогты жалғастыруға үміттенеді. Бізде нақты аргументтер мен айқын ұстаным бар, оны саммитте жеткіземіз», – деді министр.

Бұған дейін Сергей Лавров пен Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Александр Дарчиев Аляскаға келіп, саммитке қатысуға дайындалды. Делегация Анкоридж қаласына 15 тамызда өтетін Ресей мен АҚШ президенттерінің бетпе-бет келіссөзіне қатысу үшін келді.

14 тамыз күні Мәскеу уақытымен 17:40-та Анкориджге алғашқы арнайы борт Ил-96 қонды. Онда мемлекет басшыларының кездесуіне дайындық жүргізетін ұйымдастыру тобы болуы мүмкін. Кейін Аляскаға «Россия» арнайы отрядына тиесілі екінші Ил-96 ұшағы келіп қонды. Онда Кремль пулындағы журналистер мен ресейлік делегацияның бір бөлігі болды.