Түркияның әуе компаниялары бортта пауэрбанк пен электронды темекі қолдануға тыйым салды
Бірнеше әуе компаниясы аталған тәртіпті енгізді

AJet, Turkish Airlines және Pegasus Airlines әуе компаниялары рейс кезінде пауэрбанк пен электронды темекіні қолдануға ресми түрде тыйым салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ережеге сәйкес, қуаты 100-160 Вт/сағ болатын аккумуляторларды бортқа тек арнайы рұқсатпен алып кіруге болады. Ал қуаты 160 Вт/сағ-тан жоғары құрылғылар тек тіркелген багажда тасымалданады.
Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу 4 тамызда азаматтық авиацияның бас басқармасы әуе компанияларына ұшақ ішінде сыртқы аккумуляторларды пайдалануға тыйым салу жөнінде ұсыныс бергенін хабарлады.
Шектеу 31 шілдеде болған оқиғадан кейін енгізілді. Ыстамбұл – Сеул бағыты бойынша ұшқан Asiana Airlines компаниясының Boeing 777 ұшағы пауэрбанкке байланысты төтенше жағдайдан соң әуежайға қайта оралған.
Жолаушы батарейка құрылғысын орындық арасына түсіріп алған, оны жолаушы да, бортсеріктер де шығара алмаған. Қауіпсіздік талаптарына сай, ұшақ капитаны рейсті тоқтатып, әуежайға қайту туралы шешім қабылдаған.