Камчаткадағы жер сілкінісі кезінде отаны тоқтатпаған дәрігерлер марапатқа ұсынылды (ВИДЕО)
Қазір пышаққа түскен пациенттің жағдайы жақсы

Ресейдің Камчатка аймағында жер сілкінісі кезінде дәрігерлер ота жасауды тоқтатқан жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.
Желіде таралған бейнежазбада хирургтер мен медбикелердің науқастың жанынан бір елі ажырамай, зілзала кезінде медициналық құралдарды мықтап ұстап тұрғанын байқауға болады.
«Жергілікті денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәліметке қарағанда қазір пышаққа түскен пациенттің жағдайы жақсы», - деп жазды телеарна.
Билік отаға қатысқан мамандарды табиғат апаты кезінде көрсеткен кәсібилігі мен біліктілігі үшін марапатқа ұсынды.
Еске салайық, Ресейдің Камчатка түбегі жағалауында күші 8,7 балдық жер сілкінісі болды. Камчаткада кейінгі 70 жылда мұндай алапат апат алғаш рет тіркеліп отыр. Жерасты дүмпулері бірнеше аймақта сезілді.
ВВС-дің жазуынша, қаза тапқандар жоқ, бірнеше адам жеңіл жарақат алған. Камчатка өлкесінің денсаулық сақтау министрі Олег Мельниковтің мәліметінше, жаңа әуежай мен балалар емханасының ғимараты зақымданған. Цунамиден Курил аралдарындағы Северо-Курильск қаласы да зардап шекті. Порт маңындағы инфрақұрылым бұзылып, тұрғындар биік жерге көшірілді. Электр жарығын кейбір жерледе өшіп қалған.
Цунамидің таралу қаупіне байланысты Жапония, Аляска, Гавай және Солтүстік Американың Тынық мұхиты жағалауында ескерту жарияланды. Толқындар Эквадор мен Чили жағалауына дейін жетуі мүмкін.