Германияда пойыз рельстен шығып кетті: үш адам қаза тапты
Оқиға болардан аз уақыт бұрын бұл жерде дауыл соққан

Германияның оңтүстік-батысында пойыз апатынан үш адам қаза тауып, 50-ден астамы жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýh BBC-ге сілтеме жасап.
Құтқару жұмыстары аяқталды
Зигмаринген-Ульм бағытында жүріп бара жатқан пойыз жексенбі күні кешке рельстен шығып кеткен.
Жергілікті құтқару қызметінің басшысы Шарлотта Циллер баспасөзге хабарлағандай, апат орнында құтқару жұмыстары аяқталды.
«Біздің ақпаратымыз бойынша вагондарда адамдар қалмады және барлығына медициналық көмек көрсетілді», - деді Циллер.
Өңірде дауыл соққан
Оқиға болардан аз уақыт бұрын бұл жерде дауыл соққан, ол топырақты үйіп, пойыздың рельстен шығып кетуіне себеп болған деген болжам айтылып жатыр.
Еске сала кетейік, Грекиядағы пойыз апатынан 43 адам қаза тапқан болатын. Ел билігі трагедия адам қателігінен болған деп жариялады. Бір-бірімен бетпе-бет соқтығысқан пойыз апатынан соң шенеуніктер қамауға алынды.