Францияда жарыс кезінде көлік жолдан шығып, көрермендерді басып өтті

Автор: Алмас Ерсін

Көрермендер қағаз лентамен белгіленген аумақта, яғни тыйым салынған жерде болған

Фото: istockphoto.com

Францияда «Фурм-д’Амбер» раллиі кезінде үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Montagne басылымының мәліметінше 26 шілдеде жолдан шығып кеткен көлік екі көрерменді басып өлтірген. Бір адам ауыр жарақат алған, бірақ ол да кейін көз жұмды.

Жарыс көлігінің жүргізушісі мен штурман ауруханаға жатқызылған.

Басылым көрермендердің біразы қағаз лентамен белгіленген аумақта, яғни тыйым салынған жерде болғанын атап өтті. Прокуратура оқиғаға қатысты тергеуді бастады. Оқиға орнында 60-қа жуық құтқарушы мен полиция қызметкері жұмыс істеп жатыр.

Жарыс тоқтатылды, жергілікті билік көрермендерден тарауды және трассаны пайдаланбауды өтінді. Сент-Жюст коммунасында психологиялық қолдау орталығы ашылды.