Әлемдегі ең кәрі президент сайлауға қайтадан түсетін болды
Ол - 92 жастағы Камерун басшысы Поль Бийя

Камерун президенті Поль Бийя биыл қазан айында өтетін президенттік сайлауға қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Бұл туралы президент 14 шілде күні әлеуметтік желіде жазды.
«Маған сеніңіздер, еліміздің өзекті мәселелерін шешуге дайынмын», - деді ол.
Оның айтуынша, бұл шешімді қабылдауға елдің әр өңірінен түскен көптеген ұсыныстар себеп болған.
Поль Бийя 1982 жылы билікке келген. Қазіргі уақытта ол - әлемдегі ең кәрі мемлекет басшысы. Егер сайлауда жеңіске жетсе, ол 99 жасқа дейін президенттік өкілеттігін жалғастыра алады.
Бийяның бұл шешімі қоғамда түрлі пікір туғызды. Мемлекеттік қызметкер Нгоно Мариус пен саясаттанушы Сильвия Типа президенттің тәжірибесі мен елдегі тұрақтылыққа қосқан үлесін атап өтті. Алайда Бийяның ұзақ жылдық билігіне қатысты сын да аз емес. Оппозиция мен халықаралық бақылаушылар оған сайлау нәтижелерін бұрмалау, саяси қарсыластарына қысым көрсету, жемқорлыққа жол беру сияқты айыптар таққан. Transparency International мәліметінше, Камерун 2024 жылғы жемқорлық индексінде 180 елдің ішінде 140-орында тұр. Сонымен қатар, елде президенттің денсаулығына қатысты да сұрақтар жиі көтеріледі. 2023 жылы Бийя бірнеше апта бойы көпшілік алдына шықпай, оның жағдайына қатысты түрлі болжамдар тараған болатын.
Қазіргі таңда Бийяның басты бәсекелестері бұрынғы премьер-министр Белло Буба Майгари, министр Исса Чирома Бакари және оппозиция лидері Морис Камто. Сайлау қазан айына жоспарланған.